АСТАНА, 24 - мамыр. - Eurasia Todaу. Орталық Азияда Түркі мемлекеттерінің географиялық кеңесі (GSTS) құрылды. Қазіргі заманда түркі мемлекеттерінің бір-бірін демеп отыруы жақсылықтың белгісі.
Осы бағытта түркі елдері үшін ортақ қызмет ететін тағы бір кезекті ұйым құрылып отыр. Ол – Түркі мемлекеттерінің географиялық кеңесі деп аталады. Географиялық кеңестің штаб-пәтері Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында орналасады.
Ташкентте Түркі мемлекеттерінің географиялық кеңесін құру туралы келісімге 8 мамырда Әзірбайжан, Венгрия, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан географиялық қоғамдарының өкілдері қол қойған болатын.
Жаңа ұйым түркітілдес елдердің ғылыми-зерттеу институттары мен қоғамдық бірлестіктері арасындағы ынтымақтастықты дамытумен айналысады. Түркі елдері түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын зерделеу мен сақтауға атсалысады. Сондай-ақ бұл ұйым экологиялық проблемалармен де шұғылданды.
Түркі мемлекеттері географиялық кеңесінің бас хатшысы болып үш жыл мерзімге Өзбекстанның географиялық қоғамының басшысы Ойбек Норинбаев сайланды.
Кеңесті құрудың бастамашысы QazaqGeography Қазақстандық республикалық қоғамдық бірлестігі болды. Түркияның Географиялық қоғамының өкілі Каан Капан қазақстандық тарапқа жасаған бастамасы үшін алғысын білдірді.
Жақын арада географиялық кеңестің құрылымы, бірқатар жобалары мен нақты қадамдары бекітілетін болды.
Түркі елдерін бір-біріне жақындастыра түсетін осындай ұйымдардың басқа түрлері де баршылық. Мысалы, өткен наурыз айында Түркі елдерінің жазушылар одағы құрылды. Бұған ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, қырғыз жазушысы Султан Раев бастамашы болды. Осылайша, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Түркіменстанның жазушылар одақтарының басшылары одақ құру туралы келісімге қол қойды.
Түркі әлемінде алғаш рет құрылып отырған одақтың төрағалығына қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сайланды. Ақын екі жақтағы төрағалықты қатар алып жүреді.
Ал бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан түркі мемлекеттеріне ортақ ұйымдарға келсек, саясат, руханият жағынан жетістіктер баршылық деуге болды.
Мысалы, Түркісой 1993 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл – түркі халықтарының өнері мен мәдениетін дамытуға ықпал жасайтын халықаралық ұйым. Алматыда Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түркіменстан мемлекеттерінің Мәдениет министрлерінің кездесуіндегі өзара келісімшарт негізінде құрылған ұйым. Кейіннен бұл келісімшартқа Татарстан, Башқұртстан және Солтүстік Кипр қосылды. Ұйымның орталығы Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласында орналасқан. Қазіргі уақытта Түркісойға 14 мемлекет мүше.
Түркісой ұйымы түркі елдерінің мәдениетін жақындастырып, бір-біріне жақыннан таныстырумен, кітаптар шығарумен, аударма жасаумен, тұлғалармен кезесулер, концерттер ұйымдастырумен айналысады.
Сонымен қатар петроглифтер мен өзге де белгілерді зерттеп, ежелгі дәуірде шыққан тегімізді насихаттайды.
Жалпы, соңғы кездері Түркі мемлекеттерінің өзара байланысы нығайып келеді.
Теңге бағамы
Ауа-райы