НҰРСҰЛТАН, 18-мамыр. - Eurasia Today. Израиль-Палестина шиеленісі салдарынан аймақта гуманитарлық жағдай нашарлады. Бұл туралы ақпарат торабының тілшісі хабарлады.
Израиль мен Палестина қарсыласу топтары арасындағы соңғы күндердегі екіжақты үздіксіз шабуылдар кеше, дүйсенбі, мамырдың 17 таман саябырсып, нәтижесінде атысты тоқтату бітімі жасалуы мүмкін деген болжамдар мен осы салада жасалған халықаралық деңгейдегі талпыныстар іске аспай, керісінше, қақтығыстар екінші аптаға аяқ басып, гуманитарлық жағдай нашарлады.
Израиль мен Палестина арасындағы кикілжіңнің бітеу жарадай сыздап жүргеніне ондаған жыл болғанымен, оның аузы биылғы қасиетті Рамазан айында жарылды.
Қақтығыс тарихы XIX ғасырдың аяғында еврейлер өз мемлекетін құру үшін сионистік саяси қозғалыс құрған кезден басталған.
БҰҰ ХХ ғасырдың ортасында, дәлірек айтсақ, 1947 жылы Палестинаны «еврей» және «араб» деген екі мемлекетке бөлуге, олардың астанасын қасиетті Құдс қаласы деп белгілеу арқылы оны халықаралық қалаға айналдыруға дауыс берді. Бұл жобаны еврейлер қолдағанымен, арабтар қабылдамады. Соған қарамастан 1948 жылы Палестина аумағында Израиль режимі ресми түрде құрылды. Бұл әрекетке палестиналықтар қарсылық білдірді. 1948 жылы Палестинамен бірге көршілес араб елдері де жаңадан құрылған еврей мемлекетіне соғыс жариялады. Осылайша, жанжал Палестинадан асып, Израиль мен аймақтағы барлық басқа араб мемлекеттері арасындағы қақтығысқа айналды. Жүздеген палестиналық өз отанынан жер ауып, босып кетті.
1948 жылы 15 мамырда жүз мыңдаған палестиналық өз отанынан мәжбүрлі түрде шығарылды. Палестиналықтар мен олардың жақтастары бұл күнді күнтізбелерінде аза күні деп белгілеп, «Бақытсыздық күні» деп атады.
Содан бері созылып келе жатқан түйткілдің түйіні шешілмей, керісінше соңғы уақытта шиеленісе түсіп, тіпті шегіне жетті.
Биыл 2021 жылы сәуір айының ортасы, қасиетті Рамазан айының басында басып алынған Шығыс Құдста жағдай ушықты.
Мамырдың ортасында Израиль Сотының Шығыс Құдстағы Шейх Джаррах көшесінен бірнеше араб отбасын шығару туралы шешімі арабтардың наразылығына себеп болып, шиеленісті арттыра түсті.
Сонымен қатар қасиетті әл-Ақса мешітіндегі екіжақты қақтығыстар да отқа май құйып, Израиль мен Палестина қақтығыстарының өрши түсуіне себеп болды.
Бастапқыдағы оқ атып басталған қақтығыстар бүгінде әуеден зымыран атып, әртүрлі ғимараттарды, соның ішінде маңызды стратегиялық, медиа орталықтарын, тіпті тұрғын үйлерді нысанаға алып, жарып жіберуге ұласты. Соның салдарынан жүздеген палестиналық қаза тауып, мыңдаған адам жараланды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы екі миллион адам тұратын кедей Ғаза секторындағы инфрақұрылымның бұзылуына қатысты алаңдаушылық білдірді. Халықаралық ұйымның есебіне сәйкес, Ғаза секторында соңғы күндері 40 мектеп пен төрт аурухана толығымен немесе жартылай қиратылды. 40 мыңға жуық бейбіт тұрғын үйлерінен кетуге мәжбүр болды. Осындай жағдайды ескеріп, БҰҰ Ғаза секторында гуманитарлық жағдайдың нашарлауы туралы ескертті.
Палестина Денсаулық сақтау министрлігі Ғаза секторында қаза тапқандардың саны 212 адамға, соның ішінде 61 балаға жеткенін, 1300-ден астам палестиналық жарақат алғанын хабарлады.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен екі тарапты да бейбіт тұрғындарды, әсіресе балаларды қорғауға шақырды.
Израиль Ғазада қаза тапқандардың көпшілігі әскерилер, бейбіт тұрғындардың қаза табуы кездейсоқ деп уәж айтқанымен, шындық басқаны көрсетеді. Оған қирандылар мен үйінділердің астынан шығарылып жатқан жаралы балалар немесе сәбилердің мәйіттері дәлел.
Мамырдың 16 күні өткен БҰҰ төтенше отырысында Бас хатшы Антониу Гутерриш: «Мен бір отбасының 10 мүшесінің қазасына соқтырған Ғазадағы босқындар қосынына жасалған шабуылға қатты ашуландым», - деді.
Құдс пен Ғаза секторындағы зорлық-зомбылыққа байланысты халықаралық деңгейдегі алаңдаушылық артып отыр. Әлем жетекшілері мен гуманитарлық ұйымдар тұрғындарға физикалық зардап келтіруден, оларды тіршілік ету құқығынан айырмау үшін шара қолдануға шақыруда.
Қалай болғанда да, қақтығыстан көз аша алмай жатқан аймақта тез арада атысты тоқтату бітімін жасап, бейбіт тұрғындарды өмір сүру деген алғашқы құқықтарына жеткізу жолында халықаралық деңгейдегі талпыныстар мен шараларды арттыру бүгінгі күнгі кезек күттірмейтін мәселе. Бұл үдерісті жылдамдатуға сөзі өтімді алпауыт елдердің басшылары ықпалдастық жасай алады.
Теңге бағамы
Ауа-райы