НҰРСҰЛТАН, 28-мамыр. - Eurasia Today. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаш таныған ел - бауырлас Түркия екені көпшілікке мәлім. Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар алғашқы күннен бастап достық пен бірлікке болғандығы әрі тұрақты байланыстарымыздың берік негізін қалағандығы да баршамызға белгілі.
Түркиямен екіжақты және көпжақты қатынастарымыз тарихи тамырластығымыздан, ортақ мәдени және рухани құндылықтарымыздан нәр алады. Қазақстан мен Түркия қарым-қатынастары қалай өрбіді? Қазақстан мен Түркия арасында қандай байланыстар орын алды және қазіргі таңда қандай шаралар атқарылып жатыр? Осы орайда біз Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастарға шолу жасап, осы сауалдар жауабын беруге тырыстық.
Осы орайда Қазақстанда Түркияның несімен танымал болғандығына тоқталсақ. Француз және қытай асханаларымен қатар, түрік асханасы да әлемдегі сан алуан асханалардың бірі ретінде ерекшеленеді. Түрік донері мен айраны қазір Қазақстанда танымал. Қазақстанда ашылған кафе, мейрамханалардың иесін сұрастыра келсек, көп жағдайда өзге ұлт өкілі немесе шет елдік азамат болып шығады.
Басым көпшілігі – түркиялық кәсіпкерлер. Мәселен, Алматыда түрік асханаларының қалай тез көбейгендігі туралы «Degirmen» асханалар желісі филиалының директоры Валида Гасанова оған ең негізгі себеп ретінде екі халықтың бауырлас ел екендігін атайды. Қазақстандықтар арасында «Esperanza», «Ozyurt», «Sancak», «Ориент», «Cicek MangaL» сынды және т.б. түрік мейрамханалары танымал.
Сонымен қатар, Қазақстандағы Түркияның «Ахсел, Энка, Окан-холдинг, Финтрако, Джейлан, Бурдуж, Анадол, Грубу, Түркуаз, Түріксел» сияқты ірі компанияларының атқарып жатқан жұмыстарын ерекше атап өтуге болады.
Түркия-Қазақстан арасындағы ғылым, білім беру және мәдениет салаларындағы байланыстарды сөз ететін болсақ, ең алдымен 1991, 1992, 1996 жылдары Қазақстан мен Түркия халықтарының мәдениеті мен өнері күндерінің өткізілуі, Алматы және Анкара қалаларында кинофестивальдар ұйымдастырылуы, Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи кесенесін жөндеу жұмыстары, Абай Құнанбаев пен Жамбыл Жабаевтың ақындық шығармашылық мерейтойларын атап өту шараларынын айтуға болады.
Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Сулейман Демирел атындағы университеті мен бірқатар лицейлер туралы да айтуға болады. Қазір осы университеттерде мыңдаған қазақ жастары білім алуда. Сонымен қатар, Қазақстан мен Түркия Республикасының қарым-қатынастары туралы бірқатар еңбектер мен кітаптар, ғылыми мақалалар жарияланып отырады. Атап айта кетсек, 1996 жылы Түркияда Қазақстан мен Түркия Республикасының 5 жылдық дипломатиялық, экономикалық мәдениет қарымқатынастары мен екі елдің 5 жылда жасалған келісім шарттар туралы жазылған еңбек шықты. Фейзуллах Будак Қазақстан тарихы туралы өз еңбегін түрікше жазып шығарады.
Енді, кино саласына келсек, Қазақстанда Түркия телесериалдары туралы «Еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін» біледі десек артық болмас. Сол себептен де біз осы сала бойынша тек соңғы кездері екі ел арасында орын алған шараларға ғана тоқтала кетсек.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Түркия ақпараттық саладағы байланысты нығайтуда. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осы жылдың сәуір айында Түркияға ресми сапармен барып, Түркияның бірқатар шенеуніктерімен кездесті. Сапар барысында Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Түркия Республикасының Жастар және спорт министрлігі арасында жастар саясаты саласында өзара түсіністік туралы меморандум және «Qazaqstan» телеарнасы мен Түркияның мемлекеттік «TRT» телерадиокомпаниясы арасында «Қорқыт ата» бірлескен телевизиялық жобасын құру бойынша келіссөздерді бастау туралы келісімге қол жеткізілді.
Ал, осы жасалып жатқан шараларға сарапшылар қандай баға береді? Соңғы кездері «Түркі елдеріне ортақ әскери одақ құрыла ма?» деген тақырыпта сарапшылар өз пікірлерін білдіруде. Армения мен Әзірбайжан арасындағы Таулы Қарабаққа байланысты әскери қимылдар басталғанда, түркі әлемі өзара әскери альянс құрады деген болжам айтылған болатын. Бұл мәселе әсіресе ресейлік БАҚ беттерінде жиі көтерілді.
Бұл туралы қазақстандық саясаттанушы Мұхтар Тайжан өз ойын айтқан. Ол түркі елдерінің арасындағы әскери байланыстарды күшейту әлбетте керек, бүгінгідей алмағайып заманда қорғанысты нығайтуды геосаяси жағынан жақын елдермен бірігіп қолға алудан қашпауға тиіспіз дейді.
Ал, белгілі саясаттанушы Марат Шибұтов «Түркия Солтүстік Атлантика Шартты Ұйымында (НАТО), ал Қазақстан мен Қырғызстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ОДКБ – авт.) мүше. Әртүрлі әскери блокта отырған елдер тағы бір әскери ұйым құрады дегенге сену қиын. Сөз жоқ, Түрік кеңесін нығайта түсу үшін бір ортақ әскери интеграция керек. Бірақ оны түркітілдес елдердің әскери альянсы деп атау эволюциялық тұрғыдан қарағанда ерте», дейді.
Саясаттанушылар пікірінше, Сергей Шойгудің және Түркия қорғаныс министрінің Нұр-Сұлтанға ат басын тіреуі – жоспарлы іссапар. Кейбір түрік бұқаралық ақпарат құралдары Түркия қорғаныс министрі Хулуси Акардың Қазақстанға сапарын түркітілдес елдерді біріктіретін әскери блок – «Тұран армиясын» құру идеясымен байланыстырды. Ал Қазақстанның қорғаныс министрлігі түрік БАҚ болжамын жоққа шығарды.
Түрік сарапшыларының пікірінше, «Тұран армиясы» құрамына Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан кіруі мүмкін.
Ал, «Бұл сарапшылар өте маңызды жағдайды ескерусіз қалдырды. Нақты айтқанда, Қазақстан мен Орталық Азиядағы басқа елдерде пантюркизм идеялары Әзербайжандағыдай кең таралмаған. Ол халық арасында жаппай қолдауға ие болмаған, ал сараптамалық деңгейде оны даму векторының бірі ретінде қабылдайды. Сондықтан Қазақстан мен басқа да Орталық Азия елдерінің «Тұран армиясына» мүше болу болжамы – жаңа османдық бағытты жандандыру идеясын қолдайтын жекелеген түрік сарапшылары алға тартатын декларативті ұран», – деді отставкадағы полковник, әскери ғылымдар кандидаты, доцент, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Георгий Дубовцев.
Сонымен қатар, Г. Дубовцев Қазақстан үшін Түркиямен қарым-қатынасты әр түрлі салаларда дамыту маңызды екенін, бірақ сыртқы саясатта бұл бағытқа басымдық берілмейтінін айтып өтті. Жақын орналасқан түркітілдес көршілер сияқты біздің еліміз де көпвекторлы сыртқы саясат жүргізіп отыр. Осы бағытта, егемендікті нығайту және ұлттық қауіпсіздікті қамтасамасыз ету маңызды саналатын Ресей, Қытай, ЕО елдері және АҚШ-пен ынтымақтастықты дамытуға басымдық берілетінін айтты.
Түркиялық саясаттанушы, профессор Кюршад Зорлу «Тurkiye» газетіне берген сұхбатында Түркияның Әзірбайжан, Қырғызстан, Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерімен бірлесіп «Тұран әскерін» құруға ниет білдіріп отырғандығы туралы айтқан. «Тұран әскерін құрудың маңызы зор, дәл қазіргі уақытта ол қызбалықтай көрінуі мүмкін. Бірақ оның нәтижесі ұзақ мерзімге жоспарланған. Біз Түрік кеңесінің аясында әскери әлеует пен техникалық әріптестікті арттыру мақсатында нақты қадамдар жасауымыз керек»,- дейді Кюршад Зорлу.
Айта кетсек, жуырда Қазақстан Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев түрік әріптесі Хулуси Акармен кездескен болатын. Кездесу барысында өңірлік қауіпсіздік, әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық, соның ішінде кадрлар даярлау және әскери білім беру, жауынгерлік даярлық, оқу-жаттығуларға қатысу мәселелері талқыланды. Қазақстандық тарап Түркиямен көп жақты стратегиялық қатынастарды нығайтуға үлкен мән беретінін атап өтті. Түрік Қарулы Күштері мен Бас штабы алғашқылардың бірі болып Қазақстанның Қарулы Күштеріне олардың қалыптасуы мен дамуының бастапқы кезеңінде жан-жақты қолдау көрсеткен. Әскери білім беру шеңберінде Түркияның әскери училищелерінде курсанттарды оқыту жүргізіледі, сондай-ақ Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін түрлі оқу орталықтарында даярлау жүзеге асырылады.
Теңге бағамы
Ауа-райы