• Саясат
  • Экономика
  • Қоғам
 
955 Категория: Аналитика - Жарияланды 03/06 - 15:08

НҰРСҰЛТАН, 3-маусым. - Eurasia Today. Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон кеше, маусымның екісі күні Пәкістан премьер- министрі Имран Ханның шақыруымен екі күндік ресми сапармен Исламабадқа барды.

Сапар барысында Эмомали Рахмонмен бірге елінің Сыртқы істер министрі, Президенттің Халықаралық байланыстар жөніндегі көмекшісі, Көлік, Мәдениет, Білім және ғылым министрлері сияқты тағы басқа лауазымды тұлғалар барды.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Исламабадқа келген соң Пәкістан Сыртқы істер министрі Шах Махмуд Курешимен кездесті.
Шах Махмуд Куреши Рахмонның Пәкістанға екі күндік сапармен келгеніне қошамет білдіріп, екі жақ мүдделі мәселелерді талқылады. Екі елдің тарихи және мәдени ортақтастықтарына сүйене отырып, ол Рахмон сапарының оң және жемісті нәтижелерге ие болатындығына үміт білдірді.
Курейши Пәкістанның тұрақты және ұзақ мерзімді серіктестік құру үшін Орталық Азия елдерімен байланысты кеңейтуге бағытталған талпыныстарын егжей-тегжейлі баяндады. Ол сондай-ақ аймақтық байланыс пен интеграция аспектісін оның маңызды компоненттері, елінің порттарын Орталық Азия мемлекеттері үшін теңізге шығудың ең қысқа жолы деп атады.
Президент Рахмон премьер-министр Имран Ханмен жеке кездесу өткізгеннен кейін делегациялар деңгейінде келіссөздер өтті.
Тәжікстан Республикасы Президенті сайтының мәліметіне сәйкес, жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер барысында екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға байланысты мәселелер, екі елдің қазіргі жағдайы мен қарым-қатынасының болашағы, сондай-ақ аймақтық және халықаралық негізгі мәселелер талқыланды.
Президент Эмомали Рахмон Пәкістан тарапына жылы, шынайы қабылдауы мен қонақжайлылығы үшін ризашылығын білдіріп, екі ел арасындағы қатынастардың маңыздылығы туралы: «Біз Пәкістанның геостратегиялық жағдайы мен оның Оңтүстік Азия аймағы мен ислам әлеміне ықпалын маңызды санаймыз. Біз барлық мүмкіндікті елдеріміз арасындағы қатынастар мен ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін мақсатты түрде пайдалануға дайынбыз», - деді.
Келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық, ғылым, білім беру, мәдени, қорғаныс және екі мемлекет үшін де тиімді қатынастардың басқа салаларында ынтымақтастықты дамыту туралы сындарлы әңгіме болды.
Екіжақты сауда көлемі мен инвестициялық ынтымақтастықты арттыру үшін Тәжікстан мен Пәкістанның сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссиясының тиімді қызметін жалғастыру, сондай-ақ ынтымақтастықты жандандыру қажет екендігі баса айтылды. Сонымен қатар бірлескен кәсіпкерлер кеңесі мен энергетика және инфрақұрылым бойынша бірлескен жұмыс тобының жұмысын жандандыру қуатталды.
Энергетика саласында CASA-1000 жобасын бірлесіп жүзеге асыру екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жоғары үлгісі болып табылады. CASA-1000 жобасы шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын уақытылы аяқтау маңызды мәселелердің бірі саналады.
Көлік секторы екіжақты қатынастардың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы ретте Тәжікстан тарапы бұл саладағы ынтымақтастықты, әсіресе Тәжікстанның транзиттік және көлік дәліздерін қалыптастыру арқылы Пәкістан-Карачи және Гвадар теңіз порттарына шығуы үшін кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.
Екі ел арасында жүк тасымалын жақсарту екі ел арасындағы тауар айналымын арттырудың факторы деп аталды.
Халықаралық автомобиль тасымалы бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Тәжікстан, Ауғанстан және Пәкістан арасындағы транзиттік және сауда тасымалы туралы үшжақты үкіметаралық келісімнің жобасы әзірленіп, оны тараптар қарастырып жатқанын атап өткен жөн.
Қауіпсіздік мәселелерін, әсіресе аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тақырыбын талқылау барысында Тәжікстан мен Пәкістан терроризм, экстремизм, есірткі бизнесіне және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың басқа түрлері сияқты жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы күрестегі тұрақты серіктестер деп аталды.
Көршілес Ауғанстандағы күрделі саяси жағдайға байланысты Тәжікстан бұл елде бейбітшілік пен тұрақтылықтың мүмкіндігінше тезірек орнауының жақтаушысы екендігі баса айтылды.                                                                                  Екіжақты келіссөздерде Тәжікстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы екіжақты қатынастар әрі қарай кеңейіп, екі дос халықтың мүдделеріне қызмет ететініне сенім білдірілді.
Сондай-ақ, тараптар түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету үшін бірқатар келісімдер мен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойды.
Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон Пәкістан үкіметі мен халқына жылы қабылдауы мен қонақжайлылығы үшін тағы ризашылығын білдіріп, Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-Министрі Имран Ханды өзіне ыңғайлы уақытта Тәжікстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Теги:

Теңге бағамы

IRR
0.11
0.00
USD
446.75
-0.02
EUR
477.74
-0.08
RUB
5.49
-0.32
TJS
41.03
+0.01
TMT
127.94
0.00
UZS
0.04
0.00

Ауа-райы

 

+26°C Теһран
+21°C Мәскеу
+18°C Астана
+30°C Бішкек
+28°C Алматы
+32°C Душанбе
+28°C Ашхабад
+34°C Ташкент

Соцсети