НҰРСҰЛТАН, 12 - шілде. - Eurasia Today. Түркия Ауғанстандағы Хамид Карзай атындағы халықаралық Кабул әуежайын қорғау үшін шарт қойды.
АҚШ пен осы елдің НАТО-дағы одақтастары әскерінің Ауғанстаннан шығарылу үдерісінің 2021 жылдың 11 қыркүйекте аяқталатын мерзімінің жақындауымен Кабул әуежайының қауіпсіздігі тақырыбы Түркия үшін маңызды мәселеге айналды.
Түркия бұл жауапкершілікті Ауғанстандағы 500 әскерімен жүзеге асыратынын, басқа әскер жібермейтінін мәлімдеді.
Түркияның Қорғаныс министрі Хулуси Акар әскерилерінің Ауғанстандағы миссияны ойдағыдай атқарып жатқанын, соңғы алты жыл ішінде Кабулдағы халықаралық әуежай аумағына орналастырылғанын мәлімдеп:
«Біздің ел Ауғанстандағы бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсауда. Түрік әскерилерінің әрекеттері жалпыға бірдей мақұлданған және құрметке ие. Біз Түркия мен Ауғанстанның мүдделеріне жауап беретін шешімдерді қолдаймыз», - деді.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған кеше Диярбакыр провинциясына жасаған сапары кезінде: «Біз Байденмен келіссөз жүргізіп, шешім қабылдадық», - деді.
Ауғанстандағы НАТО миссиясы аяқталғаннан кейін Түркия әскерилері Кабул әуежайының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде басты рөл атқаратыны туралы АҚШ және Түркия президенттері Джо Байден мен Режеп Тайып Ердоған биыл 17 маусымдағы Брюссельдегі алғашқы екіжақты кездесу кезінде келіскен болатын.
Бұл туралы АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан мәлімдеді. Ол Түркия Президенті Ердоғанның қолдау сұрағанын, президент Байденнің қолдау көрсетілетініне уәде бергенін айтты.
Tasnim агенттігі Түркияның бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап, жариялаған мәлімет бойынша, Түркия АҚШ-тың ресми тұлғаларымен түрлі саяси және әскери деңгейлерде кеңескеннен кейін америкалық және еуропалық тараптарға бірнеше шарт қойды.
Осыған байланысты Түркияның Қорғаныс министрі Хулуси Акар: «Ердоған НАТО саммитінде айтқандай, біздің бірнеше шартымыз бар. Егер шарттарымыз орындалса, біз өз миссиямызды жалғастыра аламыз», - деді.
Айтатын жәйт, Түркияның әскерилері 2013 жылдан бері АҚШ, Мажарстан, Франция және НАТО-дағы басқа одақтастарының әскерилерімен бірге Кабул әуежайы аумағында орналасты.
Түркия АҚШ-тан осы миссияға Пәкістанды қосуды сұрады. Сондай-ақ, НАТО-дан Ауғанстаннан шыққанына қарамастан, Ауғанстанда Түркияға материалдық-техникалық және қару-жарақ қолдау көрсетуді өтінді.
Түркияның Кабул халықаралық әуежайы инфрақұрылымын пайдалануын сұрауы – осы елдің келесі бір шарты.
Мәліметтерге сәйкес, Хамид Карзай атындағы Кабул халықаралық әуежайының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жылына 80 миллионнан 120 миллион долларға дейін қаржы жұмсалады. Түркия Кабул әуежайын қорғаудың ақысы ретінде осы соманы алып тұруға мүдделік танытты.
Ауғанстан үкіметі Түркияның әуежайдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын қолдайтынын мәлімдеді.
Теңге бағамы
Ауа-райы