НҰРСҰЛТАН, 17 - тамыз. - Eurasia Today. Тәліптер Ауғанстанда соғыс аяқталғанын жариялады. Мұны «Әл-Жазира» телеарнасы эфирінде «Талибан» қозғалысы саяси кеңсесінің ресми өкілі Мұхаммед Наим мәлімдеді.
Оның айтуынша, жақын арада елдегі басқару формасы бекітіледі. Талибан өкілі ауғандар мен елдегі дипломатиялық миссиялар қауіпсіз өмір сүретініне кепілдік беретінін айтты. «Біз 20 жыл бұрын елімізде басталған бұл соғысты аяқтадық. Біз ауған басшысымен диалогқа дайынбыз және оларды қорғауға кепілдік береміз. Қозғалыс басқа мемлекеттермен де байланысын сақтайды және халықаралық қоғамдастықтың қорқынышын сейілтуге дайын», – деді «Талибан» қозғалысы саяси кеңсесінің ресми өкілі Мұхаммед Наим.
Ал, Ауғанстанда басқару жүйесі қалай өзгеруі мүмкін? Ұзақ жылдар бойы соғыстан көз ашпаған Ауғанстан билігіне талибандардың келуін біздің сарапшылар былай пайымдайды. Бұл жөнінде ақпарат тілшісі тарқатады.
Қазіргі таңда әлем назары Ауғанстанда. «Талибан» қозғалысының содырлары Ауғанстанның маңызды әрі ірі қалаларын бәрін басып алды. Президенті Ашраф Ғани елден кетті. Үрейленген мыңдаған адам Ауғанстан астанасынан қашуға мәжбүр.
Ауғанстандағы ахуалға байланысты кеше отандық сарапшылар жиын өткізіп, өз ойларын ортаға салды. Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин жетекшілік еткен жиында ауған бойынша сарапшылар оқырманның біршама сұрағына жауап берді.
«Тәліптер қалайша оп-оңай жеңіске жетті» деген сауалға Қазақстанның мемлекеттік қайраткері, дипломат, Қазақстанның Ауғанстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі болған Өміртай Бітімов жауап берді. Өміртай Бітімов: «Істің бәрі осыған, яғни қазіргі сценарийге келе жатқан. Сарапшылардың бәрі де бір ауыздан Ауғанстандағы қазіргі режим құлайтынын айтысқан. Тек біреуі 3 ай десе, екіншісі 6 ай деп, уақыт жағынан ғана әртүрлі нұсқа болды. Экономика, қауіпсіздік бәрі америкалықтарға байланып тұрды. Бюджет донорлық қолдауға мұқтаж болды. 20 жылдың ішінде әлбетте, қоғамда, білім, әлеуметтік сала, өмір салтына қатысты өзгерістер көп болған. Болмады деп айтуға келмейді. Қазақстан да гуманитарлық көмек көрсетті. Ол да нәтижесін берген. Ауғанстанға прогрессивті көзқарасы бар адамдардың тобы қалыптасып үлгерді. Алайда ауған билігі қауіпсіздік пен экономиканың өткір мәселелерінің бәрін америкалықтарға артып қойды да, өздері жемқорлыққа бата берді. Масылдық қалыптасты»,– дейді.
Азиялық зерттеу институтының директоры Сұлтан Әкімбеков болса тәліптердің билікке келуі арнайы құпия операция арқылы жүзеге асқанын айтады. Ол операцияда Пәкістанның әскерилері үлкен рөл атқарған. «Мұндай қуатты әрі шапшаң операцияның жіті ойластырылғаны көрініп тұр. Алдымен Орталық Азиямен шекаралас аймақтардағы барлық бақылау-өткізу бекеттерін жаулап алды. Осылайша, олар бірден солтүстік альянстың құрылуына жол бермеді. Ауғанстанның солтүстігіндегі халық бірнеше ықпалды топқа бөлініп кеткен. Олардың бәрінің бір-бірімен қарым-қатынасы өте күрделі.», – дейді ол. Сұлтан Әкімбеков осылайша ауған халқы бірнеше топқа бөлініп кеткенін, әрі олардың бәрі қаруланғанын жеткізді.
Қазақстан стратегиялық зерттеу институты директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, доцент Санат Көшкімбаев болса, Пәкістан мен Иран тәліптерге баяғыдан болысып келе жатқанын алға тартады. «Ауған халқының болашағы туралы айтар болсақ, көзір карталардың бәрі де Исламабадтың қолында екенін мойындаймыз. Тәліптердің бүкіл күші кезінде Пәкістан аумағында болғаны белгілі. Екінші ықпалды ел – Иран. Осы екі мемлекет қазір тәліптердің келуін құптап, АҚШ әскерінің кеткенін жағымды қабылдап отыр. Осының бәрі басталмай тұрып, тәліптер алдымен Теһранға, содан кейін Мәскеуде, одан соң Бейжіңге барып қайтқанын ұмытпайық»,– дейді сарапшы. Санат Көшкімбаев өз сөзінде тәліптердің қазіргі басшылығы үшінші рет ауысып отырғанын еске салды.
Саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше тәліптердің ойымен санасып, мәселені бейбіт түрде ынтымақтастық келісіммен шешу керек. Оның айтуынша, Ауғанстанға жақын орналасқан көрші елдерге дүрлігудің қажеті жоқ. Себебі олардың жоспарына сәйкес, жақын уақытта тәліптер басқа мемлекеттерге әскери қысым жасамайды. Сонымен қатар, саясаттанушының пікірінше, олардың елде дүлей соғыс бастағанына таң қалмау керек. «Себебі 1996 жылы да дәл осындай көрініс қайталанған. Бұл жолғы шабуылдың ерекшелігі – соғыстың қысқа мерзім ішінде басталып кетуі», дейді Расул Жұмалы.
«Нәтижесінде көп уақыт созбай қалған мемлекеттер дүниежүзілік қауымдастық бұл режимді мойындайды бірінен кейін бірі. Менің ойымша, осы бір жылдың ішінде Талибан мемлекетін біраз мемлекеттер мойындап қояды... Президенті қайта келмейді. Өйткені тәліптердің артында Пәкістан тұр. Оның үстіне халықтың кейбір бөлігінде тәліптер келсе, тәртіп болады деген стеоротип бар Ауғанстанда», – деді саясаттанушы Самат Нұртаза.
Қазір Ауғанстанда Қазақстан елшілігі шағын құрамда жұмыс істеп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы ахуалға байланысты екі рет кеңес өткізді. Жиында Ауғанстандағы жағдайға байланысты Қазақстанның ұлттық мүддесін ескере отырып, шұғыл әрекет ету шаралары және біздің елдің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы мекемелерге Ауғанстандағы жағдайды жан-жақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, Америка президенті Джо Байден Ауғанстаннан өз әскерлерін қайтарып алу туралы мәлімдеме жасаған еді. Содан кейін елде мамыр айынан бастап шабуыл үдей түскен.
Теңге бағамы
Ауа-райы