АСТАНА, 18 - мамыр. - Eurasia Todaу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекет басшысымен телефон арқылы сөйлесті. Мемлекеттер басшылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты туған күнімен құттықтап, достас Қазақстанды өркендету жолындағы аса жауапты мемлекеттік қызметте оның табысқа жете беруіне тілектестік білдірген.
Қасым-Жомарт Тоқаевты 70 жылдық мерейтойымен Ресей Президенті Владимир Путин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко және БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян телефон арқылы құттықтады.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Италия Президенті Серджо Маттарелла, Сербия Президенті Александр Вучич, Мажарстан Президенті Каталин Новак, Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан, Болгария Президенті Румен Радев, Албания Президенті Байрам Бегай, Сингапур Президенті Халима Якоб, ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин, ТМБ Бас хатшысы Сергей Лебедев құттықтау жеделхаттарын жолдады.
Сонымен қатар мемлекет басшысының туған күніне орай шет мемлекеттер парламенттерінің спикерлерінен, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялардың, коммерциялық құрылымдардың жетекшілерінен, шығармашылық және ғылыми орта өкілдерінен құттықтаулар мен жеделхаттар келді.
Сондай-ақ еліміздің азаматтары, Қазақстанның көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және басқа да тұлғалар өздерінің жеделхаттарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты мерейтойымен құттықтап, ізгі тілектерін білдірген.
Теңге бағамы
Ауа-райы