АСТАНА, 19 - мамыр. - Eurasia Todaу. Кеше, 18 мамырда Өзбекстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Баходир Құрбанов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов бастаған делегацияны қабылдады.
Аталмыш кездесу Ташкентте қазақстандық әскери делегацияның Өзбекстанға ресми сапары аясында өтті.
Қазақстан Қорғаныс министрлігінің делегациясын қарсы алу барысында екі елдің гимндері орындалып, тулары асқақ желбіреп, құрметті қарауыл сапқа тұрды.
Өзбекстан Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратында кеңес өткізілді. Баходир Құрбанов кеңесте, қазақстандық әріптесін құттықтай отырып, тәуелсіздік жылдарында екі ел арасында қалыптасқан әскери саладағы достық қарым-қатынастар жыл сайын дамып, нығайып келетінін атап өтті.
Қазақстанның қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен Өзбекстанның Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Баходир Құрбанов жауынгерлік және кадрлық даярлық саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Қазақстан Қорғаныс министрі мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынас пен әскери саладағы өзара іс-қимылды нығайту ынтымақтастықты одан әрі дамытатынын атап өтті.
Сапар аясында генерал-полковник Руслан Жақсылықов әріптесімен бірге екі елдің әскери қызметшілері жұмылдырылған «Қалқан-2023» бірлескен тактикалық-арнайы оқу-жаттығуының белсенді кезеңін бақылайды, одан өзге Өзбекстан Қарулы күштері академиясының қызметімен танысатын болады.
Теңге бағамы
Ауа-райы