АСТАНА, 23 - қаңтар. - Eurasia Todaу. 2023 жылғы 19-20 қаңтарда Брюссель қаласында Орталық Азия мемлекеттерінің және Еуроодақтың Ауғанстан бойынша арнайы өкілдерінің үшінші отырысы өтті.
Бұл туралы Қазақстан СІМ Ресми өкілі А. Смадияров апталық брифингінде мәлімдеді.
Осы мәліметке сәйкес, отырысқа қатысушылар өңірлік қауіпсіздік сын-қатерлеріне шолу жасау және ауған халқына үздіксіз көмек көрсету бойынша тараптардың ынтымақтастығын талқылады. Ауғанстандағы тұрақты бейбітшілік пен орнықты дамуға жан-жақты қолдау расталды және Ауғанстандағы әйелдер мен қыз балалардың құқықтарын қорғау жағдайының нашарлауына байланысты алаңдаушылық білдірді.
Қазақстандық делегацияны СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Талғат Қалиев бастап келді. Отырыста сөйлеген сөзінде ол Қазақстан тарапының ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету бойынша алған ұлттық міндеттемелерін толық жүзеге асыруды көздейтінін хабарлады. Мәселен, осы іспеттес ынтымақтастық аясында 2022 жылдың бірінші жартысында Ауғанстанға 456 мың тонна қазақстандық ұн жеткізілген.
Отандық жоғары оқу орындарының Еуроодақ қаржыландыратын және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы іске асыратын Қазақстанда, Қырғызстанда және Өзбекстанда ауған студенттеріне арналған білім беру бағдарламасына белсенді қатысуын жалғастыратыны расталды.
Теңге бағамы
Ауа-райы