АСТАНА, 19 - мамыр. - Eurasia Todaу. 18 мамырда Өзбекстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Баходир Құрбанов осы елге ресми сапармен келген Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов бастаған делегацияны қабылдады.
ӨР Қорғаныс министрлігінің хабарлауы бойынша алдымен Құрмет қарауылының қатысуымен ресми кездесу рәсімі өтті. ӨР Қорғаныс министрлігінің Орталық аппаратында өткен кездесуде генерал-лейтенант Баходир Құрбанов қазақстандық әріптесіне қошамет білдіріп, екі ел арасында тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан достық әскери қарым-қатынастар жыл сайын дамып, нығайып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ Өзбекстанның Қорғаныс министрі екіжақты ынтымақтастықта қол жеткізілген табыстарды атап, тығыз достық қарым-қатынас өзбек-қазақ ынтымақтастығын стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңіне шығарып, одақтастық қарым-қатынасты нығайтқанын айтты.
Екі елдің қорғаныс министрлері әскери саладағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту және нығайту бойынша өз ұсыныстарын айтып, алдағы жоспарларды талқылады.
Одан әрі Қазақстан Республикасы әскери делегациясының мүшелері «Жеңіс саябағы» мемориалдық кешеніне барып, «Мықтылық одағының» монументіне гүл шоқтарын қойды.
Теңге бағамы
Ауа-райы