Әзірбайжанелшісі:ӘзірбайжанменҚазақстанарасындағықарым-қатынасжаңадеңгейгекөтерілді
- Толығырақ
- Қаралды: 38
АСТАНА, - 29 - сәуір. Жақында Қазақстанға Әзірбайжан мемлекетінің Президенті Ильхам Әлиев ресми сапармен келіп кетті. Сарапшылар екіжақты қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілгенін айтып отыр. Бұл туралы Әзірбайжанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ағалар Рагимоғлы Атамоғланов сұхбат берді.
– Елші мырза, сөз басында Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы қарым-қатынастың деңгейі туралы Сіздің пікіріңізді білгіміз келеді. Оны қалай бағалар едіңіз?
– Әзірбайжан Республикасы өзінің бүгінгі дамуында Президент Ильхам Әлиев белгілеген саяси бағытқа сәйкес және біздің еліміздің ұлттық мүдделерін негізге ала отырып, тәуелсіз, ашық және прагматикалық сыртқы саясатты ұстанады.
Біздің еліміз барлық елдермен, оның ішінде аймақтағы мемлекеттермен ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстанмен қатынасымыз – Әзірбайжанның сыртқы саясаттағы басым бағытының бірі.
Әзірбайжан және қазақ халқының этностық жақындығы, ортақ тарихымыз бен құндылықтарымыз, сондай-ақ тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастау алған өзара түсіністік, тиімді ынтымақтастық принциптеріне негізделген қатынас екі елдің бір-біріне етене жақын болуына қолайлы жағдай қалыптастырған факторлар.
Біз «Әзірбайжан мен Қазақстан бауырлас елдер» дейміз. Бұл жай ғана сөз емес, ол екі халықтың тамыры ғасырларға кететін туыстығын әйгілейтін нақты дерек.
– Таяуда ғана Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев біздің елге ресми сапармен келді. Бұл қадамды Әзірбайжан-Қазақстан ынтымақтастығы тарихындағы жаңа кезең деп айтуға бола ма?
– Сіздің сауалыңызға жауап қайтармас бұрын Қазақстан тарапына сапар барысын ұйымдастырудағы жоғары деңгейі, біздің делегациямызға көрсетілген ерекше ықылас-пейілі мен қонақжайлығы үшін алғыс айтқым келеді. Ал ресми сапар туралы айтатын болсақ, ол барынша тиімді өтті. Шағын және кеңейтілген құрамда өткен кездесулерде мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады және өзара іс-әрекетіміздің алдағы қадамдарын белгіледі.
Біз толық форматта өткізілген келіссөздер нәтижелерін жоғары бағалаймыз, бұл өзара байланыстарды жан-жақты нығайтуға екі жақтың да мүдделі екенін тағы да дәлелдей түсті.
Аталған сапар мемлекетаралық қатынастың нығаюына, сауда-экономика, энергетика, көлік, инвестиция, ауыл шаруашылығы, ақ¬па-раттық технология және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығымызға тың серпін беретініне бек сенімдімін.
Сапар барысында қол қойылған көптеген құжаттар, әсіресе «Әзірбайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесін құру туралы хаттама» және Бірлескен мәлімдеме біздің ынтымақтастығымыз алда дами түсетінінің жарқын айғағы бола алады. Осылайша, біздің қарым-қатынасымыз сапалық жағынан жоғары деңгейге көтерілді.
– Екі ел арасындағы қарым-қатынас туралы айта отырып, қай салалардағы байланыстың болашағы кемел деп ойлайсыз?
– Бірлескен күш-жігер нәтижесінде Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары бұрынғыдан да мейлінше ашық және жан-жақты сипатқа ие болды. Саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыс жандана түсті. Осы¬дан жарты жылдай уақыт бұрын Қазақстан Президентінің біздің республикамызға ресми сапары барысында Стратегиялық әріптестікті тереңдету және одақтық қатынастарды кеңейту жөніндегі декларацияға, 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамытудың кешенді бағдарламасына, басқа да бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Екіжақты қарым-қатынастың кең ауқымда жүзеге асуына жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер, парламентаралық байланыс, министрліктердің тізе қосып белсенді жұмыс істеуі, өзге де ведомостволар мен БАҚ-тың тиімді әріптестігі әсер етіп отыр. Көп жылдар бойғы байланыс нәтижесінде 100-ден астам екіжақты құжатқа қол қойылды. Екі елдің де маңызды трансконтиненталды көлік-коммуникациялық дәлізде орналасқанын ескере отырып, көлік саласындағы ынтымақтастық туралы ерекше бөліп айтқым келеді. Бұл салада, нақты айтсақ, Каспий маңы халықаралық дәлізі немесе Орта дәліз аталып кеткен аумақта екі тарап табысты жұмыс істеп жатыр.
– Биыл әзербайжан халқының ұлы перзенті Гейдар Әлиевтің туғанына 100 жыл толады. Осы мерекелік датаға байланысты биыл Әзірбайжанда Гейдар Әлиев жылы деп жарияланды. Соған байланысты туған елінде де және басқа да жерлерде әр¬түрлі іс-шаралар жоспарланып отырғанын білеміз. Қазақстанда XX ғасырдың көрнекті саяси тұлғасына арналған қандай іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырсыздар?
– Әзірбайжанның қазіргі заманғы тарихы ұлы көшбасшы Гейдар Әлиевтің есімімен тығыз байланысты. Қазақстан қай кезде де Гейдар Әлиевке құрметпен қарап, оны ерекше еске алып отырады. Биыл Қазақстанда ірі мемлекеттік қайраткердің 100 жылдығына арналған бірқатар еске алу іс-шаралары өткізілмек. Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен Астана көшелерінің бірі Гейдар Әлиевтің құрметіне оның есімімен аталатын болды. Жақында ғана Әзірбайжан Президентінің Қазақстанға сапары барысында екі мемлекет басшыларының қатысуымен аталған көшенің ресми ашылуы өтті.
Қазақстан-Әзербайжан қатынастарын дамытуға елеулі үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткеріне құрмет белгісі ретінде Қазақстанның мемлекеттік телевизиясы Елшіліктің қолдау көрсетуімен Гейдар Әлиевке арналған фильм түсірді.
Елшіліктің бастамасы бойынша биыл Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Гейдар Әлиев аудиториясы күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи жабдықтармен безендірілді. 8 сәуірде аудиторияның салтанатты ашылуы өтті.
Бәріміз ерекше құрметтейтін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, Қазақстан қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықты орнықтыруда және дамытуда ұлы көшбасшының атқарған зор тарихи рөлін ешқашан ұмытпайды. Көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиевтің жарқын бейнесі Қазақстанда әрдайым құрметпен еске алынады.
– Елші мырза, Қарабақтағы қазіргі ахуалы туралы не айтасыз? Әзірбайжан қазір сонау дау-дамайлы кезеңдерден кейін қандай шараларды жүзеге асырып жатыр? Бүгінгі күні өңірдің даму қарқыны қандай?
– Бүгінде тарихқа айналып үлгерген Қарабақ дау-жанжалы Әзірбайжанның 30 жыл шамасындағы уақытты қамтыған ауқымды проблемасы болғанын жақсы білесіздер.
Жанжалдан кейінгі кезеңде біздің алдымызда тұрған қызметтердің негізгі бағыттары – азат етілген аумақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қалпына келтіру және қайта құрылымдау бойынша жұмыстар жүргізу, күштеп қоныс ауыстырғандарды көшіріп әкелу.
Біздің елімізде азат етілген аумақтарды қал¬пына келтіру бойынша кешенді бағдарламалар жасалды. Бүгінде ол аумақтар айырықша жасампаздық пен қалпына келтіру кезеңін бастан өткеріп жатыр.
Қазақстандық компаниялар да Қарабақтың қайта жаңғыруына өз үлесін қосуға ниет білдіріп отыр, бұл бізді ерекше қуантады. Мысалы, жоғарыда атап өткенімдей, қазір Физули қаласында қазақстандық компания Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығы құрылысын жүргізіп жатыр.
Бүгінгі күні Әзірбайжан Армениямен арадағы қарым-қатынасты ретке келтірудің бейбіт жолын ұсынып отыр. Бұл – аймақтың қауіпсіздігі, өркендеуі мен ілгері дамуының нақты кепілі болмақ.
– Сіз Елші ретінде халықаралық ұйымдар аясында Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық деңгейіне қандай баға берер едіңіз?
– Көпжақты платформаларда біздің елдер арасындағы стратегиялық әріптестік¬тің деңгейі жоғары екені байқалып тұрады. Халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы жиындарда көкейкесті жаһандық және өңірлік мәселелер бойынша Әзірбайжан мен Қазақстанның ұстанымдары ұқсас шығып жатады һәм тізе қосып жұмыс істеп, бір-бірін қолдайды. Мысалы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты емес мүшелігіне 2012-2013 жылдары Әзербайжанды, 2017-2018 жылдарды Қазақстанды ұсынғанда бұл анық байқалды. Түркі әлемінің ежелгі мәдени орталықтарының бірі саналатын Нахчыванда негізі қаланған Түркі Мемлекеттері Ұйымдары аясындағы және басқа да тиісті институттары ауқымындағы ынтымақтастыққа ерекше мән беріледі. Халықаралық Түркі Академиясының, Түркі Мәдениеті мен Мұралары Қорының, Түрк¬СОЙ, Түркі тілді елдердің Парламенттік ассамблеясының маңызды ролін атап өтуіміз қажет.
Әзірбайжан мен Қазақстан – бұл ұйымдардың белсенді мүшелері. Екеуі де түркі әлемі тарихы мен мәдениетін танымал ету бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруды қолдайды.
– Әңгіме соңында Қазақстан туралы өзіңіздің алған әсеріңіз жөнінде сұрағымыз келеді. Біздің астанамыз туралы не айтар едіңіз?
– Астана топырағын басқан алғашқы күннен бастап мен қазақтың ерекше қонақжай халық екенін байқадым, жергілікті тұрғындар мен ресми тұлғалардың айырықша ықыласын сезіндім. Өзім де, отбасым да құдды өз үйімізде жүргендейміз.
Астана даму қарқыны және өзіндік архитектуралық стилімен таңғалдырады. Бұған дейін де Астанада әртүрлі делегациялар құрамында болғанмын. Елші болып келгеннен кейін қаланың жаңару жылдамдығына ерекше сүйсіндім.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан кең ауқымды реформалар мен жасампаз жұмыстар елдің жан-жақты дамуына септігін тигізіп жатқанына куә болғаныма қуаныштымын.
– Елші мырза, мағыналы сұхбатыңыз үшін алғыс айтамыз.
Әңгімелескен Бауыржан Бабажанұлы.
Теңге бағамы
Ауа-райы