АСТАНА, 10 - мамыр. - Eurasia Todaу. Иранның Ғылым министрі жақында Қазақстанға келеді. Бұл туралы Иранның Ғылым вице-министрі, министрліктің халықаралық ғылыми байланыстар орталығының басшысы доктор Вахид Хаддади Асл хабарлады.
Доктор Вахид Хаддади Асл ISNA агенттігіне берген сұхбатта ғылым министрлігінің көршілес елдермен ғылыми және академиялық қарым-қатынасты дамыту жоспарын жариялап, былай деді: «Біз Ғылым министрлігінде көршілес елдермен, соның ішінде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан және тағы да басқа кейбір көршілес елдермен ғылыми және академиялық қарым-қатынасты дамыту үшін талпыныс жасаймыз. Соған байланысты жақын арада Ғылым министрімен бірге Қазақстанға сапар шегеміз».
Хаддади Иран Ғылым министрлігінің технопарктер мен технологиялық компаниялар үшін база құру жоспарын жариялап: «Осыған байланысты біз мүдделі елдерде технопарктер құруға дайынбыз. Мәселен, Ирак осындай ынта танытты, тіпті осы елдің Ғылым министрі де осы мақсатпен елімізге сапармен келген болатын. Оман да мүдделік білдірді.
Сонымен қатар, Еуразия елдері де бұл салада жақсы қадамдар жасады», – деді.
Иранның Ғылым вице-министрі, министрліктің халықаралық ғылыми байланыстар орталығының басшысы доктор Вахид Хаддади Асл Иран мен Арабстанның ғылыми және академиялық байланыс орнатуға ынталы екенін хабарлады.
Ол сөзінің жалғасында: «Арабстанда Иран елшісі жұмысын бастай салысымен, Ғылым министрлігі осы елмен ғылыми ынтымақтастық орнату үшін талпыныс жасайтын алғашқы бөлім болады», – деді.
Доктор Хаддади Ғылым министрлігінің Сауд Арабиясымен ғылыми және академиялық қарым-қатынас орнатуға деген ұмтылысын жариялап: «Біз үкіметке бұл қарым-қатынастарды құруға мүдделі екенімізді білдірдік. Ғылым министрлігі өкілдерінің де Сауд Арабиясына баруына рұқсат беруді сұрадық.
Әрине, Сауд Арабиясы да бұл қарым-қатынастың қалыптасуына мүдделі және екі елдің елшілері орналасса, сөзсіз, бұл елде болатын министрліктердің бірі – Ғылым министрлігі., – деді.
Ол Иран мен Сауд Арабиясы арасында ғылыми қарым-қатынас қалыптасуының маңыздылығына тоқталып: «Біз бір ел әсіресе ғылыми жағынан оқшауланбауы керек деп санаймыз. Батыс елдері мен Американың қысымы бізді ғылыми тұрғыдан оқшаулай алмайды», – деді.
Теңге бағамы
Ауа-райы