• Саясат
  • Экономика
  • Қоғам
 
20 Категория: Интервью - Жарияланды 13/04 - 10:48

Ресей СІМ Сергей Лавров Иранға сапары қарсаңында IRNA ақпарат агенттігіне берген арнайы сұхбатта Мәскеу мен Теһран байланыстары әр түрлі, соның ішінде саяси, сауда-экономикалық салаларда нығайып келе жатқанын айтып, Иранмен байланысты дамытуды Ресей сыртқы саясаты басымдылықтарының бірі деп атады. Бұл туралы IRNA News агенттігі хабарлады. 

Осы мәліметке сәйкес Лавров Теһран сапарында ирандық әріптесі Мохаммад Джавад Зарифпен Ресей мен Иранның болашақтағы қарым-қатынасын нығайту жолдары туралы сұхбаттасуды мақсат ететінін айтты.

IRNA News: Иранға сапарыңыздың негізгі мақсаттары қандай? Ресей мен Иран арасындағы өзара байланыстар мен серіктестік принциптері негізі туралы 2001 жылғы келісім екі ел арасындағы байланыстардың дамуына қалай әсер етеді? 

Лавров: Иранмен байланысты дамыту – Ресей сыртқы саясатындағы басымдылықтардың бірі. Бұл келісім 2001 жылы 12 наурызда жасалғаннан бері жиырма жыл өтті. Келісімге екі елдің президенттері Мәскеуде қол қойды.  
Екі жақ осы қадам арқылы тең принциптер мен өзара сенім негізінде байланыс орнатуға өзара табанды екенін растады. Сонымен қатар Ресей мен Иран өзара негізде бір-бірінің егемендігі мен аумақтық тұтастығы және тәуелсіздігін құрметтеп, бір-бірінің ішкі істеріне араласпауға міндеттеме алды.
Келісім ережелері ұдайы орындалып келе жатқандықтан, екі ел арасындағы ортақ серіктестік бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетті.
Қазіргі кезде бұл ынтымақтастық белсенді және жан-жақтылыққа ие бола бастады. Саяси, коммерциялық-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық және тағы басқа салалардағы қатынастар нығайтылып жатыр. Иранда ірі инфрақұрылымдық үлкен жобаларды, соның ішінде Бушер атом электр станциясын салу мен пайдалану жобасын жүзеге асыру жалғасуда.
Денсаулық сақтау және коронавирустың жұғуы мен таралуымен күрес саласындағы ынтымақтастық дамуда. Ресейлік Sputnik V вакцинасы Иранға жіберіліп жатыр. Оның өндірісін Иран аумағында ұйымдастыру жоспарланған. 
Мәскеу мен Теһран «Ортақ қадам» келісімін толық жүзеге асыру мақсатында тығыз серіктестік жасап отыр.   
Табыстылығын дәлелдеген «Астана форматы» шеңберіндегі Сирия мәселесін шешу мақсатындағы талпыныстарымызды үйлестіреміз. Таяу Шығыс пен Орта Шығыс жағдайы туралы әрдайым сұхбаттасып жүрміз. Ресей мен Иранның ынтымақтастығы аймақ тұрақтылығын сақтауға, кеңірек перспективада БҰҰ Жарғысының принциптеріне негізделген халықаралық өмірдің дамуына көмектесетінін сеніммен растауға болады.   
Алдағы келіссөздерде әріптесім Мохаммад Джавад Зарифпен Ресей мен Иранның келешектегі қарым-қатынасын нығайту жолдарын талқылауды жоспарлап отырмыз.

IRNA News: Иран мен Ресей аймақта, әсіресе «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін дамытуда ерекше стратегия мен жағдайға ие. Екі ел осы жоба үшін қандай шараларды атқаруы керек? Осы жолда қандай кедергілер болуы мүмкін? Бұл жоба жүкті аймақтық және әлемдік деңгейлерде тасымалдауға қалай әсер етеді?

Лавров: Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың тұрақты өсуі көбінесе логистикалық қатынастардың дамуына байланысты.
«Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық тасымал дәлізі –көпжақты ынтымақтастықтың оң үлгісі. 
Бұл жоба әртүрлі елдердің үкіметтері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге көмектесетін аймақтағы негізгі инфрақұрылымдық жоба болып табылады.
Біздің елдер осы бастаманы жүзеге асыруда жетекшілік рөлге ие. Заманауи күре жол тасымалы инфрақұрылымын қалыптастыру өте маңызды. Сол себепті Ресейде мемлекеттік деңгейде, соның ішінде Каспий теңізі аймағының талаптарын сақтау бойынша тиісті бағдарламалар бекітіліп, жүзеге асырылып жатыр. 
Теһранның да осы мәселеге ерекше көңіл бөлетінін білеміз. Ирандық серіктестеріміз Анзали экономикалық ерекше аймағындағы Каспий айлағына бастайтын жолдар мен Әзірбайжандағы темір жол құрылысын сәтті аяқтайды деп күтеміз. 
Бұл іс «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық тасымал дәлізінің бәсекеге қабілеттілігі мен оның жүк жіберушілер үшін тартымдылығын айтарлықтай арттырады.
Иран мен Еуразиялық экономика одағы арасындағы ынтымақтастықты дамыту да осы бағыттың сәтті жұмыс істеуі үшін шарт болып табылады. Бұл ынтымақтастық 2018 жылы еркін сауда аймағын құру туралы уақытша келісімге қол қою арқылы жасалып, 2019 жылы қазан айында күшіне енді.
2020  жылы 11 желтоқсанда еркін сауда аймағы туралы тұрақты келісім бойынша келіссөздерді бастауға шешім қабылданды. Мен өз атымнан мүмкіндігінше көмектесуді жалғастыратынымызды мәлімдеймін.
Болашақта «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі Иранның оңтүстік жағалауынан Ресейдің солтүстік қалаларына дейін логистикалық және экономикалық біртұтас кеңістік құруға негіз болады деп сенеміз. Бұл мәселенің шешудің маңыздылығы әсіресе жақында Суэц каналы қоршалған кезде жүктерді тасымалдау үшін қауіпсіз құрлық жолдарының қажеттілігі дәлелденгеннен кейін арта түсті.

Теги:

Теңге бағамы

IRR
0.10
0.00
USD
427.06
0.00
EUR
516.19
0.00
RUB
5.76
0.00
TJS
37.73
-0.03
TMT
122.02
-0.03
UZS
0.04
0.00

Ауа-райы

 

+22°C Теһран
+19°C Мәскеу
+14°C Нұр-Сұлтан
+17°C Бішкек
+18°C Алматы
+16°C Душанбе
+28°C Ашхабад
+21°C Ташкент

Соцсети