• Саясат
  • Экономика
  • Қоғам
 
472 Категория: Интервью - Жарияланды 19/07 - 14:59

НҰРСҰЛТАН, 19 - шілде. - Eurasia Today. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Pfizer вакцинасын Қазақстанға жеткізу туралы тапсырмасынан кейін шенеуніктер қайта қимылдай бастады. Өз кезегінде денсаулық сақтау министрлігі келіссөздер қайта қолға алынғанын айтты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындаған екпе жайлы не білеміз? Pfizer вакцинасы коронавирустың жаңа штаммдарынан қорғай ма? Бұл туралы Stan.kz тілшісі анықтап көрді. 

АҚШ пен Еуроодақ елдері қолдануға алғаш рұқсат еткен COVID-19-ға қарсы вакцинаны тамыры түрік неміс ғалымдары Угур Шахин мен оның әйелі Озлем Тюречи ойлап тапқан. 2020 жылдың 12 қаңтарында Угур Шахин The Lancet медициналық журналынан Қытайда жаңа вирус пайда болғанын көреді. Оның пандемияға айналып бара жатқанын естіп, дереу вакцина жасауға кіріседі. 

Вакцинаны ойлап тапқан соң олардың Майнц қаласында орналасқан BioNTech фирмасы американдық алпауыт Pfizer компаниясымен одақ құрып, өндіріске кіріседі. Сондықтан екпе "Pfizer" деп аталып, 2021 жылы 2 миллиардтан астам дозасы шығарылды.

2020 жылдың қаңтарында Biontech неміс биотехнологиялық компаниясы қолданыстағы мРНҚ технологиясы негізінде COVID-19 вакцинасын жасау бағдарламасын іске қосты. Вакцинаның бірнеше нұсқасын компания Майнц зертханасында жасады. I/II клиникалық сынақтар кезеңі Германияда 2020 жылдың 23 сәуірінде болды. Ал 2020 жылдың 4 мамырында Америкада басталды.

2020 жылдың 27 шілдесінде BioNTech және Pfizer компаниялары АҚШ, Аргентина, Бразилия және Германиядағы 30 000 еріктілердің қатысуымен mRNA вакцинасының II / III кезеңін зерттеудің басталғанын жариялады.

Вакцина 2020 жылдың тамыз және қыркүйек айларында мыңдаған адамдарға сыналды. Елеулі жанама әсерлер туралы хабарланған жоқ. 2020 жылдың қараша айында вакцинаның екінші дозасын алған жеті күн ішінде СOVID-19-ға қарсы 90 пайызға дейінгі тиімділігі анықталды.

2020 жылдың желтоқсанында клиникалық сынақтардың үшінші кезеңі аяқталғаннан кейін, Pfizer АҚШ пен Еуроодақ қолдануға рұқсат еткен алғашқы коронавирусқа қарсы вакцина болды. Еуроодақ елдері дереу 200 миллион дозаны және қосымша 100 миллион дозаны сатып алу туралы келісімге отырды. Ең алғаш екпені 2020 жылдың 27 желтоқсанында Германиядағы қарттар үйінде 80 жасқа келген қариялар алды. 

Biontech/Pfizer препараты – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде мақұлдаған алғашқы вакцина. Ұйым 2020 жылдың 31 желтоқсанында вакцинаны ресми түрде қолдануға рұқсат етіп, зерттеулер оның қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдегенін атап өтті. 

Вакцинаның негізгі ерекшелігі – минус 80 градусқа дейін өте төмен температураны қажет етеді. Сондықтан тасымалдау кезінде арнайы суытуға арналған қораптар қолданылады. Әрқайсысында үш қабатпен төселген 23 килограмм құрғақ мұз бар. Ол он күн бойы суықты қамтамасыз етеді. Әр қорап GPS спутниктік жүйесіне қосылған термосенсорлармен жабдықталады.

Ұлыбритания Pfizer және BioNTech компанияларының коронавирусқа қарсы вакциналарын мақұлдаған әлемдегі алғашқы мемлекет болды. Вакцина пайдалану 2020 жылдың 7 желтоқсанынан басталып, алғашында 40 миллион астам дозаны сатып алуға өтініш берді. 

11 желтоқсан күні АҚШ-тың дәрі-дәрмек сапасын бақылайтын мекемесі (Food and Drug administration) Pfizer  вакцинасын мақұлдады. Сол кездегі АҚШ президенті Дональд Трамп видео үндеу жолдап, вакцинаны миллиондаған адамды құтқарып, пандемияны тоқтатын "медицина ғажайыбы" деп атады.

Желтоқсан-ақпан айларында ешбір ел өз халқын Израиль сияқты жоғары қарқынмен вакцинациялаған жоқ. 21 ақпанда Израильдің денсаулық сақтау министрлігі екінші вакцинацины алған соң екі аптадан кейін ауру қаупі 95,8% - ға, ауруханаға түсу және өлім көрсеткіші 98,9%-ға азайғанын мәлімдеді. 

Израильде жүргізілген зерттеулер Pfizer-BioNTech вакцинасының COVID-19 эпидемиясының басқа нұсқаларына қарсы 95 пайызға дейін тиімді екенін анықтады. Ал кейінгі зерттеулер вакцинаның коронавирустың жаңа типтегі "дельта" нұсқасына қарсы 70 пайыз тиімді екенін көрсетті. 

Қазіргі таңда 74-тен аса мемлекетке осы вакцинаны қолдануға рұқсат берілген. 

Pfizer вакцинасын кімдерге салдыруға болады

ДДСҰ ұсынған мәліметтерге сүйенсек, вакцина әртүрлі ауыр патологиялық ауруы бар адамдар үшін қауіпсіз және тиімді деп танылды.

Мұндай патологиялардың қатарына гипертония, қант диабеті, астма, өкпе, бауыр немесе бүйрек аурулары, сондай-ақ тұрақты және бақыланатын созылмалы жұқпалы аурулар жатады.

Вакцинаның бала емізетін әйелдерге әсері әлі зерттелмеді. Бірақ екпе белсенді емес болғандықтан, мРНҚ жасуша ядросына енбейді, тез ыдырайды және жасуша қызметіне әсер ете алмайды.

Егер бала емізетін әйел вакцинациялану керек топтардың біріне жатса (мысалы, медицина қызметкері болса), вакцинация жасалуы мүмкін. Бірақ екпеден кейін бала емізуіне болмайды.

Қандай доза ұсынылады?

Алғашқы доза салынған 12 күннен кейін қорғаныс әсері дами бастайды. Бірақ толық қорғанысты қамтамасыз ету үшін екі дозаны да егу қажет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дозалардың уақытын 21 мен 28 күн аралығында енгізуді ұсынады. 

Екпені салдыру қауіпсіз бе?

ДДСҰ "Pfizer/BioNTec" вакцинасын төтенше жағдай уақытында қолдануға болатын құралдар тізіміне 2020 жылдың 31 желтоқсанында қосты. ДДҰ осы вакцинаның сапасы, қауіпсіздігі және тиімділігі туралы деректерді мұқият тексерді. Сондай-ақ,16 жастан асқан адамдарға қолдануға рұқсат берді.

Вакциналардың қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық консультативтік комитет ДСҰ-ға екпенің қандай да бір әкеп соқтыруы мүмкін болжамды оқиғаларын хабарлауды сұрайды.

Вакцина қаншалықты тиімді?

COVID-19-ға қарсы BioNTech/Pfizer екпесінің екі дозасының арасы 21 күнде салынады. Ал тиімділігін анықтау кезінде оның вирус­тан қорғау күші 95 пайыз екені мәлім болды. Мұн­дай тиімділік тек алғашқы 7 күннің ішінде пайда болған. Вакцина жас, этникалық топ және жыныс түрлеріне қарамастан ықпалдылығын көрсетті. Осылайша ол 65 жастан үлкен кісілерге салуға болатыны дәлелденді. 

АҚШ, Германия, Бразилия, Аргентина, Оңтүстік Африка Республикасы және Түркиядағы клиникалық зерттеулер көрсеткендей, екінші инъекциядан 7 күн өткен соң коронавирусқа қарсы 90 пайыз қорғаныс беретіні белгілі болды. 

Pfizer вакцинасының 2021 жылы 1 миллиардтан астам дозасына АҚШ, Еуропа, Канада және Жапониядан тапсырыс берілді.

Вакцинаның қандай жанама әсерлері бар?

Pfizer-BioNTech-тің жанама әсері бір күннен үш күнге дейін созылады. Көбінесе екпенің екінші дозасын алған соң байқалуы мүмкін. Ең жиі кездесетін жанама әсерлерге: қолдың ауыруы, әлсіздік (шаршау сезімі), бас ауруы, ауырсыну және дене қызуының көтерілуі жатады. Жанама әсерлердің болғаны жақсы белгі: себебі вакцинаның жұмыс істеп, иммундық жүйеге әсер етіп жатқанын көрсетеді. 

Егер сізде жанама әсерлер болмаса вакцина жұмыс істемеді дегенді білдірмейді. Вакцинаны клиникалық зерттеу барысында қатысушылардың жартысынан көбі ешқандай жанама әсерлерге ұшырамаған, бірақ бәрібір тиімді әсері болған. Сондай-ақ, вакцинаның бірінші дозасын алғаннан кейін екінші дозасын міндетті түрде 21 күннен соң алу керек. 

Айта кетсек, әлемде вакцинаны алғаннан кейін 100-ге жуық адам көз жұмған. Бірақ, өлімге екпенің әсері болғаны нақтыланбады.

Сонымен қатар, Норвегияның ондаған тұрғыны Pfizer вакцинасын алғаннан кейін кеуделерінің ұлғайғандығын айтқан. Бұл туралы олар әлеуметтік желілерде бөліскен. Осло қаласының 17 жастағы тұрғыны Эмма бұндай жанама әсерге байланысты мөлшері үлкен кеуде таққыш алғанын айтады.

Бірақ дәрігер Хайнрих Бакманн бұл әсер лимфа түйіндерінің кеңеюімен байланысты уақытша құбылыс екенін атап өтті.

Екпені салу кімдерге ұсынылмайды?

Вакцинаны алғаш салғанда жедел аллергиялық реакция көрсеткен адамдарды вакцинациялауға болмайды.

Екпе тек 16 жастан асқан жасөспірімдерде жүргізілгендіктен, ДДҰ әлі 16 жасқа толмаған балаларға тіпті ауру қаупі жоғары болған күннің өзінде салуды ұсынбайды. 

Сондай-ақ, жүкті және бала емізетін әкелдерге салу ұсынылмайды.

Вирустың жаңа нұсқаларына қалай қарсы әрекет етеді?

ДДҰ-ның иммундау жөніндегі сарапшыларының стратегиялық консультативтік тобы вирустың әртүрлі нұсқаларына қарсы сынақтар барысын зерттей келе вакцинаның COVID-19-дың жаңа нұсқаларына қарсы күресте тиімді екенін көрсетті. Әсіресе “дельта” нұсқасына қарсы күресте 70 пайызға дейін тиімді болатыны анықталды. 

Басқа вакциналардан несімен ерекшеленеді?

COVID-19-ға қарсы Pfizer екпесінде иммундық реакция тудыратын ақпараттық рибонуклеин қышқылы (иРНҚ) қолданылады. Ол болашақта организмді инфекцияның жұғуынан қорғайды. Сол себепті вакцинаны өте төмен температурада сақтау керек. Егер иРНҚ төмен температурада сақталмаса, оңай және тез ыдырайды. Денеге енгізілген кезде бұл мәселе туындамайды. Өйткені иРНҚ өз қызметін орындау үшін көп уақыт қажет емес. 

Сондай-ақ, зерттеулер BioNTech компаниясы шығарған вакцинаның қытайлық Sinovac препаратына қарағанда 10 есе көп антиденелер шығаратынын анықтады.

Pfizer Қазақстанға қашан жетеді?

ҚР денсаулық сақтау министрлігі Pfizer-мен келіссөздер туралы алғаш рет қыста хабарлаған болатын. Вакцинаның екі миллион дозасы Қазақстанға мамыр айында жеткізілуі керек еді. Бірақ бұл бастама сол күйі жүзеге аспай қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екпенің жеткізілмеуін бірқатар талаптардың сәйкес келмеуімен байланыстырды. 15 шілдеде денсаулық сақтау министрлігі "Pfizer" компаниясымен вакцинаны жеткізу бойынша алдын ала келісімге қол жеткізгенін хабарлады. Келісім бойынша вакцина 2021 жылдың 4-тоқсанында жеткізілмек.

Қазір Қазақстанда коронавирусқа қарсы қолданатын төрт түрлі вакцина бар: ресейлік "Спутник V", қазақстандық QazVac, Қытайдың Sinopharm компаниясының HayatVax екпесі және Қытайдың Sinovac Biotech компаниясы жасап шығарған Coronavac вакцинасы. Оның екеуі – Sinopharm мен Sinovac Biotech екпелерін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мақұлдаған. 

Айта кетсек, Pfizer жақын арада АҚШ билігіне коронавирустық вакцинаның үшінші (үдеткіш) дозасын қабылдау қажеттігін айтты. Зерттеушілер вакцинаның екі дозасын алғаннан соң салынатын алты айдан кейін енгізілетін үдеткіш доза 5-10 есе көп антиденелер шығаруға мүмкіндік беретінін айтады.

Теги:

Теңге бағамы

IRR
0.10
0.00
USD
423.79
0.00
EUR
497.36
0.00
RUB
5.80
0.00
TJS
37.43
-0.01
TMT
121.05
-0.03
UZS
0.04
0.00

Ауа-райы

 

+28°C Теһран
+10°C Мәскеу
+5°C Нұр-Сұлтан
+16°C Бішкек
+16°C Алматы
+22°C Душанбе
+21°C Ашхабад
+20°C Ташкент

Соцсети