НҰР-СҰЛТАН, 17 - маусым. - Eurasia Todaу. «Сарай сыры» сериалында Жәңгір ханды сомдаған Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының актері Медғат Өмірәлиев ақпарат тілшісіне сұхбат берді.
- Сіз «Сарай сыры» сериалында басты рөлде ойнадыңыз, сіз бұл рөлді қалай таңдадыңыз және жобаға қалай келдіңіз?
- Бұл жобаға келу жөнінде менің біріншіден айтып кетейін дегенім бұл бір Алланың құдіреті болуы керек. Себебі бір қызығы мен театрда қандай рөлдерді сомдадым соны енді кино саласында сомдап жатырмын. Ақтауға ең алғаш 2003 жылы келіп, театры жоқ өлкеде театр аштық. Осы театрда «Махамбет» спектаклін қойдық. Осы спектакльде мен Жәңгір хан рөлін сомдаған едім. Араға 19 жыл салып екінші мәрте Жәңгір хан рөлін кино саласында сомдадым. Кино саласында бұл Жәңгір хан туралы алғашқы жоба екен. Осылайша Жәңгір хан рөлін сомдау маған екінші рет кино саласында бұйырыпты. «Тар заман» телехикаясына дейін «Әлиханның аманаты» атты пьесасы ең алғаш біздің театрда сахналанды. Спектакльде мен Әлихан Бөкейханның рөлін ойнағанмын. Жаңа айтып өткендей мен спектакльде қандай рөлді сомдасам сол рөлді кино саласында да сомдау бұйырыпты.
-Сіз әңгіме барысында «Тар заман» телехикаясы туралы айтып кеттіңіз. Сол фильмде Әлихан рөлін сомдадыңыз және сіз сол фильмді көрген сәтіңізде «әттең-ай» деген тұстары болды ма?
- Мен өзім түскен фильмді мүлдем көрмеймін деп айта алмаймын, алайда қатты қиналып көремін. Себебі, өзіме деген сын өте жоғары. Өзіме өзім үлкен сынмен қараймын. Өзім түскен фильмдерді көргенде «әттең-ай» деген сәттер әрине болады.
- Сіздің таңдаған осы актерлік мамандығыңыз сіздің өмірге деген көзқарасыңызды өзгертті ме?
- Әрине, өзгертті. Бұл туралы мен көп ойланамын. Мен егер де мектеп бітірген жылы көкке шықпасам, менің өмірім басқа ағынға түсерме еді. Мектеп бітірген жылы көкке шығып, сол күні өнер жолына келуіме себептер болған адамдарды жолықтырып, олардың маған өнер жолын таңдауыма берген ақылдары мен сенімдері болмағанда қазір кім біледі қай салада жұмыс жасайтыным. Сол кезде маған қолдау көрсетіп, мамандық таңдауда дұрыс жолда болуыма себепкер болған адамдарға алғыс айтамын. Оларға деген алғысым шексіз. Мен сол кісілердің арқасында өмірім 180 градусқа өзгерді деп сенімді түрде айта аламын. Себебі, өнер саласына келуіме сол кісілердің үлкен септігі тиді. Актерлік жол маған білім берді, шеберлігімді ұштады.
-Сіз өлең жазасыз ба? Ондай өнеріңіз де бар ма?
-Жоқ, мен өлең жаздым деп айта алмаймын. Менің атам Өмірәлі өлең жазған кісі. Атамның өлең жазатыны маған дарыса екен деген ойым болды. Алайда, ол кісінің бұл өнері маған дарымапты. Мен өлең оқимын, алайда өлең жазбаймын.
- Сіз жастарға не айтар едіңіз? Оларға деген тілегіңіз қандай?
-Осы тұста Әлихан Бөкейханның мына сөздері есіме түсіп отыр. Қазақ жеріндегі әр байлық, мейлі ол жердің астындағы, үстіндегі, көгіндегі болсын барлық байлық қазақ ұлтына қызмет етуі керек. Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек. Ұлтқа қызмет ету біліммен емес, мінезден. Жастар мінезді болса екен деймін. Яғни, өскелең ұрпақтың мінезді болғаны дұрыс. Мінезі алға қойған дұрыс мақсатына жетелейді.
-Әңгімеңізге көп рақмет! Көпшілік сіздің сомдаған фильмдеріңізді тамашалады, актерлік ойнау шеберлігіңізбен көптің есінде орныққаныңыз анық. Сіздің жұмысыңызға сәттілік және алдағы жоспарларыңызға табыстар тілейміз!
Теңге бағамы
Ауа-райы