АСТАНА, 12 - қараша. - Eurasia Todaу. Өзбекстан Сыртқы істер министрі Владимир Норов Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің қорытындысы бойынша баспасөз мәслихаты барысында UzReport телеарнасы тілшісінің сұрағына берген жауапта саммит қорытындысы бойынша Солтүстік Кипрге қатысты жеке шешімге қол қойылмағанын мәлімдеді.
Сұрақ: Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің қорытындылары туралы егжей-тегжейлі айттыңыз. Сіз Ұйымның беделі мен рөлін арттыратын және аймақ елдері арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететін тарихи шешімдер қабылданғанын атап өттіңіз. Осы орайда, соңғы кездері сарапшылық ортада қызу талқыланып жатқан сұрақты қойғым келеді. Бүгін Солтүстік Кипрді Ұйымға бақылаушы мемлекет ретінде қабылдау туралы жеке шешімге қол қойылды ма? Олай болса, бұл Солтүстік Кипрдің тәуелсіз мемлекет ретіндегі мәртебесін мойындауды білдіре ме? Рақмет сізге.
Норов: Сұрақ үшін рахмет. Ең алдымен, осы мәселені түсіндіріп өткім келеді. Біріншіден, саммит қорытындысы бойынша Солтүстік Кипрге қатысты жеке шешімге қол қойылған жоқ. Екіншіден. Өзбекстан халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын, әсіресе мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу мәселелерінде қатаң басшылыққа алатынын атап өткім келеді. Осыған байланысты Солтүстік Кипрді тәуелсіз мемлекет ретінде тану туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Үшіншіден. Естеріңізге сала кетейін, Солтүстік Кипр қазірдің өзінде Ислам ынтымақтастығы ұйымы және Экономикалық ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық ұйымдарда бақылаушы мәртебесіне ие. Сонымен қатар, Солтүстік Кипр 30 жылға жуық уақыт бойы Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) қызметіне бақылаушы ретінде қатысып келеді. Ал бұл туралы бүгінде ешкім сұрақ қоймайды. Кипр түріктерінің Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің туысқан халықтарымен тығыз алмасуға және ынтымақтастыққа мүдделі болуы заңды процесс. Оның үстіне бұл мәселелердің барлығы Ұйымның құқықтық құжаттарымен және елдеріміздің заңнамасымен ғана реттеледі.
Дереккөзі: ӨР СІМ баспасөз қызметі
Теңге бағамы
Ауа-райы