АСТАНА, 30 - желтоқсан. - Eurasia Todaу. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров мемлекеттік қызметкерлерге қырғыз тілін білу талаптары күшейтілетінін мәлімдеген болатын. Қырғыз тіліне басымдық – ресми тілді басып-жаншу ма, әлде мемлекет басшысының мәлімдемесіне біреулер жорамал жасауға тырысып жатыр ма? Жапаров Қырғызстанның "Кабар" агенттігінің тілшісіне берген кезекті сұхбатында мемлекеттік органдарда іс-қағаздарын қырғыз тілінде жүргізу мәселесіне жан-жақты жауап берді.
Тілші: Сәлеметсіз бе, құрметті Садыр Нұрғожоұлы!
Жапаров: Сәлеметсіз бе!
Тілші: Кеше Министрлер кабинетінің қорытынды отырысында құжаттама қырғыз тілінде жүргізілмейтін кейбір мемлекеттік органдарды сынға алдыңыз. Мұны кейбіреулер бұдан былай мемлекеттік қызметтегі құжаттама орыс тілінде жүргізілмейтіндей қабылдады. Сіз бұл мәселені түсіндіре аласыз ба?
Жапаров: Сөзімді осылай қабылдағандар мені дұрыс түсінбей қалды. Керісінше, біз бүкіл елде орыс тілінің дамуы үшін орасан зор қадамдар жасадық. Келер жылы елімізде Ресей Федерациясының қаржысына 9 орыс тілді мектеп салынады.
Неге мен Министрлер кабинетінің отырысында құжаттама қырғыз тілінде жүргізілсін деп айттым? Өздеріңіз білесіздер, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, әсіресе, аймақтарда орыс тілі пәнінің білікті мұғалімдер саны айтарлықтай азайды. Сол себепті қызметкерлердің құжаттаманы орыс тілінде жүргізу кезінде қателіктер жіберетіні байқалды. Құжаттың бір парағында қарапайым қате көп. Сондықтан сауатты болсын деп қырғыз тілінде жазуды, артына орысша нұсқасын қосуды ұсындым. Мен бар болғаны осыны айтқым келді. Кейбір жағдайларда негізгі құжат қырғыз тілінде, ал қосымша орыс тілінде болады. Шатаспау үшін негізгі құжат қырғыз тілінде болып, оған орысша нұсқасы қоса берілуі қажет. Біз әлі күнге дейін құжаттарды қырғыз тілінен орыс тіліне аударамыз. Конституциямызда орыс тілі ресми тіл ретінде бекітілгені баршаға аян.
Мен тағы бір жайтты атап өткім келеді. Қазіргі уақытта біз мигранттарымызды өз отанында жұмыспен қамтамасыз ету үшін тиісті күш-жігерімізді салып жатырмыз. Бірақ бүгінгі күннің шындығы – мигранттарымыздың көпшілігі Ресей Федерациясында. Сондықтан Ресейде жұмыс істейтін азаматтарымыз орыс тілін жетік білуі керек. Тілді жоғары деңгейде білу жұмыста өте пайдалы.
Сондықтан былтыр Ресей Федерациясына алғашқы жұмыс сапарым барысында Владимир Владимировичтен осында орыс тілді 9 мектеп салуға көмектесуін өтіндім. Құдай қаласа, келер жылы еліміздің барлық өңірінде мектептер салынады. Бізде орыстілді жақсы мектептер болса, орыс тілінде білім беру сапасы жақсы болса, көріп отырсыздар, 5-10 жылдан кейін орыс тілін жаңа күшпен дамытамыз. Негізінде ТМД елдерінде, ЕАЭО аясында орыс тілін білмей бизнес жүргізу мүмкін емес. Сонымен қатар, орыс тілі БҰҰ аясында кеңінен қолданылады.
Мектептерде ағылшын тілін де жақсы оқытуға тырысамыз. Бірақ әзірге қаржыландыруға қатысты мәселелер бар, өйткені бізге 3000-нан астам мектепке ағылшын тілінен білікті мұғалімдер тарту керек. Оларға тиісті жалақы төлеу керек. Қазір бұл мәселені жан-жақты зерттеп жатырмыз. Жалпы, менің сөзімнен саясат іздеудің қажеті жоқ. Керісінше, балаларымызға тек орыс тілін ғана емес, басқа тілдерді де оқытса нұр үстіне нұр болар еді. Олар неғұрлым көп тіл білсе, соғұрлым еркін саяхаттап, оқи алады. Жастардың көкжиегі артады.
Тілші: Садыр Нұрғожоұлы, әңгімеңізге көп рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!
Жапаров: Рахмет! Сізге де сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан: Медербек Шерметалиев
Теңге бағамы
Ауа-райы