АСТАНА, 06 - мамыр. - Eurasia Todaу. Кеспе көже – ирандық ең танымал ұлттық тағамдардың бірі. Көжені ойын-сауықтарда, қонақ күткенде, жиындарда, әртүрлі басқосулар мен кештерде, діни мереке күндері, Рамазан айында ауызашарда ұсынады.
Дәмді көженің құрамындағы негізгі элементі кеспе болғанымен оған міндетті түрде ноқат, жасымық, маш, лобиа сияқты әртүрлі бұршақ дақылдары мен шпинат, ақжелкен, кориандр, сарымсақ, пияз секілді көкөністер, май, тұз және куркума қосылып, әбден дайын болып, тостағандарға құйылған соң беті қаймақ немесе қатық, қуырылған жалбыз, қуырылған сарымсақ және шыжғырылған пиязбен әшекейленеді.
Кеспе көжені көбінесе сүзбе, кейде сірке суы немесе маринадталған қияр қосып тұтынады. Бұл тағамның консистенциясы әдетте тіпті ботқа сынды қоймалжың болып шығады. Құнарлы, әрі қуаттылық құндылығы жоғары тағамды жеген адам көп уақыт тоқ жүреді.