АСТАНА, 17 - наурыз. - Eurasia Todaу. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев 16 наурызда Түркияда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінде сөз сөйлеп, Өзбекстанның Түркияда ақпан айында орын алған жойқын жер сілкіністерінен зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге көмек беретінін жеткізді.
«Біздің бүгінгі кездесуіміз - бұл біздің достығымыз бен бірлігіміздің беріктігін, ең қиын сәттерде де бір - бірімізге берік тірек болып табылатынымызды көрсетеді», - деп атап өтті Шавкат Мирзиеев өз сөзінде.
«Түркияда бұрын-соңды болмаған жойқын жер сілкінісі біздің жүрегімізде ауыр қайғы болып еске алынды. Жан түршігерлік апат салдарынан бауырларымыз, балаларымыз қаза тауып, зардап шекті. Бұл салыстыруға келмейтін, орны толмас шығын. Біздің түрік бауырларымыз ең қиын сынақтарға тап болған кезде, Өзбекстан халқы «Түркия! Біз сенімен біргеміз!» деп ұрандап көмекке асықты», - деп қосты Өзбекстан Президенті.
Өзбекстан Президенті Түркияда жер сілкінісі салдарынан қираған аймақтарды қалпына келтіру мәселесіне арналған Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінде сөйлеген сөзінде Түркі мемлекеттері ұйымы аясында 6 ақпанды жер сілкінісі кезінде қаза тапқандар құрметіне «Еске алу және ынтымақтастық күні» деп жариялауды ұсынды.
Шавкат Мирзиеев Өзбекстан да Түркі мемлекеттері ұйымы елдерімен бірге Түркияда инфрақұрылымды қалпына келтіруге және жаңа үйлер салуға көмектесуге дайын екенін атап өтті.
Сонымен қатар Мирзиеев зардап шеккен аудандардағы егде жастағы адамдардың денсаулығын жақсарту мақсатында Өзбекстанда демалуына қажетті жағдайлар жасауға дайын екендігін жеткізді.
Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінің қорытындысы бойынша бірнеше құжатқа қол қойылды.
Түркі мемлекеттерінің ұйымы 2009 жылы құрылды. Ұйым жыл сайын белгілі бір тақырыптар бойынша саммит өткізіп отырады.
Теңге бағамы
Ауа-райы