АСТАНА, - 18 - сәуір. - Eurasia Todaу. Қазақстандық кәсіпкер, BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев өз қаражатына Украинадағы қираған аурухананы қалыпқа келтірмек. Бұл туралы кәсіпкердің өзі Instagram парақшасында жазды.
Украинаға гуманитарлық сапармен барған кәсіпкер елдегі көріністің адам шошырлық екені туралы жазды.
«Украинаға барып келдік, ол жақтағы жағдайды сөзбен айтып жеткізе алмайсың, бірақ қарапайым халық нағыз ерлік танытуда. Қаңырап қалған үйлер өз үйін, елін, жерін қорғаймын деп құрбан болғандарға ескерткіш секілді», - дейді Рахымбаев.
«Киевтен 60 шақырым жердегі Бородянкада қарапайым тұрғындар қалаға кіре берістегі тар көшедегі көпқабатты үйлердің терезелерінен жанғыш қоспасы бар бөтелкелер лақтырып қалаға танктерді өткізбеді. Алдыңғы жанған танктердің арқасында басқа танктер қалаға кіре алмады. Ал, келесі күні ұшақтар көпқабатты үйлерді бомбалады. 38 адамның өмірі қиылды. Біз өмір сүріп отырған қазіргі заманда соғыс, қақтығыс және қарапайым адамдардың ерлігі басқа бір параллель әлемде орын алып жатқан сияқты», - дейді Рахымбаев.
«Өз есебімнен қираған аурухананы қалпына келтіру туралы шешім қабылдадық. Соғыс жалғасуда, бірақ адамдар азат етілген аудандарға оралып жатыр және қазір оларға көмек қажет», - деп қорытындылаған Айдын Рахымбаев Instagram парақшасындағы жазбасын.
Алайда, кәсіпкер қай қалада аурухананы қалпына келтіру жұмысы жасалатыны туралы нақтыламады.
Теңге бағамы
Ауа-райы