АСТАНА, - 29 - сәуір. Түркияның Анкара қаласында елдегі жер сілкінісінің салдарын жою кезінде құтқару бөлімшелерін басқарған төтенше ведомстволардың өкілдері марапатталды.
Марапатқа ие болған 80-нен астам елдің өкілдері арасында Қазақстаннан Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев та бар.
Бұл марапатты тапсыру үшін Түркия Президенті тарапынан Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Ибрахим Күлшімбаев Анкараға арнайы шақырылды. Вице-министрге «Түркияға сіңірген ерекше еңбегі үшін» жоғары дәрежелі алтын медалі табысталды.
«Бауырлас Түрік халқына тағы да көңіл айтамын. Адамдардың өмірін құтқаруға қатысқан барша халыққа, құтқарушылар мен дипломатиялық корпусқа ризашылығымды білдіремін! Біз Түркия халқы жақын арада табиғи апаттың салдарын жеңеді деп сенеміз!» - деп Ибрагим Күлшімбаев атап өтті.
Түркияның үш өңірінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу басталғаннан бері Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының күштері 7 адамды құтқарды. Қазақстандық құтқарушылар қолмен, сондай-ақ инженерлік техниканы, авариялық-құтқару жабдықтарын, шанц аспаптарын тарта отырып, 250 мың текше метрден астам үйінділерді бөлшектеді.
Еске сала кетсек, 6 ақпанда эпицентрі Кахраманмараш провинциясының Пазарджик ауданында магнитудасы 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Жүздеген афтершокқа ұласқан жерасты дүмпулері елдің 11 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді.
Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін үйінділерді ашу жұмыстарына 88 елден 11 мың құтқарушы қатысты. Іздестіру-құтқару жұмыстарына қазақстандық құтқарушылар да көмектесті.
Теңге бағамы
Ауа-райы