НҰР-СҰЛТАН, 30 - сәуір. - Eurasia Todaу. Жұма, 29 сәуірде Бішкекте Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Қырғызстан Республикасының Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаровтың төрағалығымен қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 10-отырысы өтті.
Шағын және кеңейтілген құрамдағы Үкіметаралық келіссөздерде тараптар сауда-экономикалық, су-энергетикалық, көлік-логистикалық, өнеркәсіптік және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Әлихан Смайылов қырғыз тарапына жылы шыраймен қабылдағаны үшін алғыс білдіре отырып, Қырғызстан Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі ғана емес, сонымен қатар дәстүрлі достық қарым-қатынастар байланыстыратын бауырлас мемлекет екенін атап өтті.
Қазақстан Үкіметінің басшысы екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру мәселесіне ерекше тоқталды, ол қазірдің өзінде 1 млрд долларға жетіп отыр.
«Әлбетте, біз мұнымен шектеліп қалмаймыз, екі елдің әлеуеті бұдан да жоғары деп есептеймін. Біздің алдымызда тұрған ендігі міндет – өзара сауда деңгейін 2 млрд долларға дейін жеткізу», – деді Әлихан Смайылов.
Өз кезегінде Қырғызстан Министрлер кабинетінің басшысы Ақылбек Жапаров екі халық арасындағы тарих пен мәдениеттің ортақтығына, өзара түсіністік пен сенімге негізделген достық және бауырластық байланыстар ортақ мақсат – халықтарымыздың гүлденуі мен әл-ауқатын арттыруға көмектесетініне сенім білдірді.
Кездесу соңында тараптар Үкіметаралық кеңестің 10-отырысының хаттамасына, сондай-ақ «GFC Bishkek» ЖШҚ құру туралы келісімге қол қойды.
Теңге бағамы
Ауа-райы