АСТАНА, 25 - наурыз. - Eurasia Todaу. Ақтау әуежайы Иранның астанасынан алғашқы чартерлік рейсті қабылдады. Iran Airtour әуекомпаниясының ұшағымен Маңғыстау облысына 137 турист келді.
Осы демалыс күндері Ақтауға Иран елінің туристерімен екінші рейс келеді. Биылғы жылы басқа елдерден де чартерлік рейстер күтіліп отыр.
«Ақтау Ираннан келген қонақтар арасында зор сұранысқа ие, сондықтан ирандық туроператорлар ұйымдастырған әуе рейстері мен турлар көп күттірмеді. Біз қазір қабылданатын қонақтардың санын көбейту үшін жұмыс істеп жатырмыз, сондықтан алдағы уақытта мұндай рейстердің де саны артуы керек. Болашақ серіктестермен келіссөздер үнемі жүргізіліп отырады», - деп атап өтті Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.
Еске сала кетсек, өткен жылы Қазақстан Иран, Қытай және Үндістан азаматтары үшін 14 күндік визасыз режим енгізген болатын.
1991 жылдың желтоқсан айында Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялағанда оны ресми таныған әрі Алматы қаласында елшілігін ашқан ең алғашқы мемлекеттердің бірі-Иран.
Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 29 қаңтарда орнатылды. Дипломатиялық қатынастар орнатылған күннен бері Қазақстанға ирандық инвесторлар тартылып, өзара сауда айналымы оң үрдіспен дамуда.
Теңге бағамы
Ауа-райы