БАӘ тұрғындары Рамазан айында Қазақстанды ең танымал саяхат орны ретінде таңдаған.
Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Skyscanner шетелдік компаниясы жүргізген арнайы сауалнама нәтижесінде саяхатшылардың көбінің сәуір айында Алматы, Алматы облыстарына және Астана қаласына сапарлауды таңдағаны белгілі болды.
Skyscanner компаниясы жүргізген сауалнама мәліметтері бойынша БАӘ тұрғындары Қазақстанға 2024 жылғы 2 сәуірді ең қолайлы ұшу күні деп санайды.
Деректерге сүйенсек, Қазақстанға деген қызығушылық 195 пайызға өскен. Бұл танымал бағыттармен салыстырғанда көрсеткіштің айтарлықтай жоғарылығын білдіреді.
Деректерді «Kazakh Tourism» компаниясы де растайды. Компания мәліметінше, БАӘ-нен Қазақстанға келушілер саны 2022 жылы 2 963 адам болса, 2023 жылы 6 051-ге дейін артқан.
Skyscanner сарапшысы Аюб аль Мамунның пікірінше, Қазақстанның танымалдығы БАӘ тұрғындарының мереке кезінде мәдениетті және тыныш демалысты тамашалауға деген ұмтылысына байланысты.
БАӘ-де Рамазан айының соңғы күндері мен Ораза айт мерекесін шетелде атап өту дәстүрі кең таралған.
БАӘ тұрғындары биыл Қазақстаннан басқа, Сейшел аралдары, Кипр, Оман, Швейцария, Кения және басқа елдерге баруды да жоспарлап отыр.
Қазақстанның табиғаты жыл сайын шетелдік саяхаттаушылар арасында айтарлықтай қызығушылық тудырып келеді.



















