Украина президенті Американың қолдауы тоқтайтын жағдайда Украина бірте-бірте артқа шегінуге мәжбүр болады деп мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің Washington Post газетіне сілтеме жасап хабарлауынша, Зеленский Вашингтонның Ресейдің мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуылға қарсы болғанын айтты. АҚШ Зеленскийден ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасамауды сұрағанымен бірақ Киев өтінішті қабылдамаған.
Зеленский сөзінің жалғасында: «Егер АҚШ тарапынан ешқандай қолдау болмаса, бізде әуе қорғанысы, Патриот зымырандары, электронды соғысқа кедергі жасайтын жабдықтар және 155 мм зеңбіректер болмайды. Мұндай жағдайда біз біртіндеп кейін шегінеміз» деді.
Зеленский сондай-ақ, ресейлік шабуылдарға тосқауыл жасау үшін Украинаның әуе қорғанысы құралдары жеткіліксіз екенін айтты.
Оның айтуынша, Украина Ресеймен қақтығыста шегінбеудің жолын табуға тырысуда.
Ол: «Мен Ресейдің бізде қанша әуе қорғанысы зымырандары бар екенін білгенін қаламаймын, Бірақ, АҚШ Конгресінің қолдауынсыз біз зымырандардың күрт азаюына душар боламыз. Бұл бір мәселе. Біз әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін арттырып жатқанымызбен бұл жеткіліксіз» деді.
АҚШ Конгресі Ақ үйдің Украина, Израиль және Тайвань үшін ұсынған бюджет жобасын мақұлдамағанына бірнеше ай болды. Оның көп бөлігі, яғни 95 миллиард доллар Украинаға бөлінген. АҚШ Сенаты бұл бюджетті бекітуге келіскенімен, АҚШ Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон оны палатаның дауысқа салуына рұқсат бермеді.














