БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Израильдің Дамаскідегі Иран консулдығына жасаған әуе шабуылы тақырыбын қарастыру үшін бүгін, 2 сәуірде төтенше отырыс өткізеді.
Бұл туралы Ресейдің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілінің бірінші орынбасары Дмитрий Полянский Телеграм арнасында хабарлады.
«Израильдің Дамасктегі Иран консулдығына жасалған әуе шабуылынан кейін ирандықтар бұл әрекетті айыптауды сұрап, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жүгінді.
Ирандықтардың хатының жалғасы ретінде біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ашық отырысын өткізуді сұрадық. Мальта президенттігі оны 2 сәуірде Нью-Йорк уақыты бойынша 15.00 (Мәскеу уақыты бойынша 22.00) деп белгіледі» деп жазды.
Кеше, 2024 жылғы 1 сәуір күні түстен кейін сағат 16:45-те Дамасктегі Иран Ислам Республикасының дипломатиялық нысандары басып алынған Голан жоталарынан Израильдің әуе және зымырандық шабуылдарына ұшырады. Бұл лаңкестік әрекет кем дегенде бес ирандық қызметкердің, соның ішінде жоғары дәрежелі әскери кеңесшінің қаза табуына және Иранның дипломатиялық нысандарының толығымен жойылуына соқтырды.
Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Иран елшісі мен өкілінің орынбасары Заһра Аршади Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришке, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің уақытша төрағасына хат жолдап, сионистік режимнің Сириядағы Иран консулдығына жасаған шабуылын қарастыру үшін шұғыл отырыс өткізуді сұрады.
Заһра Аршади хатта: «Иран Ислам Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінен кез келген тиісті шара қабылдауды, соның ішінде осы өрескел әрекетпен күресу және дипломатиялық өкілдіктердің қауіпсіздігіне қатер төндіретін алдағы агрессивті әрекеттердің алдын алу үшін шұғыл отырыс өткізуді, сондай-ақ, мұндай қылмыстық әрекеттерге жауаптылардың тез арада жауапқа тартылуын қадағалауды сұрайды» деп жазды.
Иран Сыртқы істер министрі Хоссейн Амир Абдуллаһиан Израильдің Дамасктегі Иран Ислам Республикасы Елшілігінің Консулдық ғимаратына жасаған әуе шабуылын барлық халықаралық міндеттемелер мен конвенцияларды бұзу деп атады.
Ресей Сыртқы істер министрлігі Израильдің Дамасктегі Иран консулдығының ғимаратына жасаған шабуылы салдарынан кісі өлімінің орын алуын, соның ішінде дипломаттардың қаза табуы мен жаралануын қатаң айыптап, Израиль басшылығын Сириядағы арандатушылық әскери әрекеттерден бас тартуға шақырды.















