Еліміздегі мерекелік күндердің тізбесі жаңа атаулы күндермен толықты.
Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесі «Аналар күні» және «Әкелер күні» мерекелерімен толықты.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің хабарлауынша, ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов Қазақстанда мерекелік күндер күнтізбесін бекіту туралы қаулыға толықтыру енгізу туралы құжатқа қол қойды. Оған сәйкес аналар күні – мамырдың екінші жексенбісі, ал әкелер күні – маусымның үшінші жексенбісі күні мерекеленеді.
Әлемнің көптеген елдерінде «Аналар күні» мерекесі мамыр айының екінші жексенбісінде, «Әкелер күні» мерекесі маусымның үшінші жексенбісінде ауқымды түрде атап өтіледі.
Отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы және ата-ана институтын нығайтуға бағытталған бұл күндер елімізде де ресми мереке ретінде белгіленіп отыр.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі отбасын нығайтатын факторлардың бірі – әулет мүшелерінің бірге уақыт өткізуі, ортақ қуанышты бірге атап өтуі екенін атап өтті.
Дархан Қыдырәлі атап өткендей, әкелер мен аналарға арналған бұл атаулы мерекелер ұлттық болмысымызға сай жаңа мазмұнда тойланып, жалпыхалықтық сипат алмақ.




















