ҚР СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Ресей аумағындағы Қазақстан азаматтарына өздерімен бірге жеке басты куәландыратын құжат алып жүруге кеңес берді.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша Астанада брифинг барысында Айбек Смадияров журналистердің «Ресейде Орталық Азия елдерінің азаматтарын тоқтатып, құжаттарын тексеріп жатқаны шындыққа жанаса ма? Бұл жағдай біздің ел азаматтарына да да қатысты ма?» деген сұрақтарына: «Аумағында осындай сұмдық қылмыс, ауқымды лаңкестік әрекет жасалған кез келген мемлекет өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автоматты түрде шара қабылдайды. Ал жергілікті билік, соның ішінде қауіпсіздік және құқық қорғау органдары барлық қажет шара қабылдайды. Біреуді ұстап, тексеру — қалыпты жағдай, сондықтан біздің азаматтардың белгілі бір елде болуының мақсаты туралы тиісті құжаттары болғаны дұрыс. Біздің елшілікке ешкім жүгінген жоқ, заңсыз ұстап отыр деген мәлімет түскен жоқ. Егер қандай да бір тексеру болса, олар бар болғаны көшедегі тексеріс», — деді Смадияров.
Ресейдегі қауіпсіздік шараларының күшейтілуі жуырдағы Крокус Сити Холлдағы лаңкестікпен байланысты.
Еске салайық, 22 наурыз күні Мәскеу түбіндегі Crocus City Hall ғимаратына пулемет асынған адамдар басып кірді. Олар бейбіт адамдарға оқ жаудырып, бірнеше жарылыс жасады, содан кейін өрт басталды.
Мәскеу түбіндегі Крокус Сити Холлдағы теракт құрбандарының саны 137 адамға жетті.
Ресей президенті Владимир Путин Крокусқа жасалған шабуылды «қанқұйлы және айуандық лаңкестік әрекет» деп атап, 24 наурызды Ресейде жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.












