Израиль Ирандағы нысандарға шабуыл жасады. Бұл туралы ABC телеарнасы америкалық жауапты тұлғаның сөзіне сілтеме жасап хабарлады.
Америкалық жауапты тұлға Сирия мен Ирактағы Иран нысандарының да нысанаға алынғаны туралы толық мәлімет бермеді. Тель-Авив те бұл мәселеге қатысты әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Иранның ақпарат құралдары Исфаһан әуежайының маңында жарылыс болғанын хабарлады. Ирандағы Исфаһан әуежайы мен Хаштам Шикари әуебазасы маңында жарылыс болды.
Тұрғындар әлеуметтік желілерде әуе шабуылына қарсы қорғаныс операциялары мен әуе шабуылы дыбыстары естілген кадрлармен бөлісуде.
Сонымен қатар, сионистік режим Араб Республикасының оңтүстігіндегі Әл-Сувейда және Дараа облыстарындағы Сирия армиясына тиесілі әскери нысандарға да әуеден соққы берді.
Осыған байланысты Батыстың ақпарат құралдары бұған дейін Израильдің жауабы Ираннан тыс жерлерде де көрінуі мүмкін деп хабарлаған болатын. Олардың пікірінше, соққының нысанасы Ираннан тыс жердегі, мысалы, Сириядағы ирандық әскер мен ираншыл құрылымдар болуы мүмкін.
Flightradar24 деректеріне сәйкес, дабылдан кейін Иран аспанындағы бірнеше ұшақ бағытын қарама-қарсы жаққа күрт өзгертті. Әуе кеңістігі шұғыл жабылып, Тегеран, Исфаһан және Шираз әуе рейстері белгісіз уақытқа тоқтатылды.
Ирандық ақпарат көздері Исфаһанның көгінде бірнеше шағын квадрокоптердің атып түсірілгенін растады.
Сондай-ақ, ирандық ақпарат агенттігі ИРНА Иранның солтүстік-батысындағы Тебриз қаласының әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі іске қосылып, күдікті нысанды анықтағанын, қаладағы жағдайдың тұрақты екенін хабарлады.
РИА Новости ЦАХАЛ-ға сілтеме жасап, осы уақытта Израильдің солтүстігінде әуе шабуылының сиреналары естілгенін хабарлады.
Иранның Tasnim агенттігінің хабарлауынша, Исфаһандағы Иранның ядролық нысандары толығымен қауіпсіз.
Британдық Bloomberg басылымының хабарлауынша, Израиль жұма күні АҚШ-қа 24-48 сағат ішінде Иранға қарсы жауап қайтару ниеті бар екенін хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін Иранның ядролық нысандарды қорғау және қауіпсіздік жөніндегі генералы Ахмад Хакталаб Иранның Израильдің ядролық нысандарының қай жерде орналасқанын анықтағанын және Тель-Авив түнде шабуыл жасаса, оларға зымыранмен соққы беруге дайын екенін айтқан болатын.
Тасним агенттігі оның «Егер Тель-Авив мұндай соққыны Иранға қысым жасау құралы деп санаса, «мүмкін, Иран Ислам Республикасының ядролық доктринасы мен саясаты қайта қаралады» және ел «өткендегі уәделерінен бас тартады» деген сөзін жазды.
Иранның мемлекеттік телеарнасы Исфаһанда жағдай тыныш, қаладағы жағдай қалыпты деп көрсетілген кадрларды көрсетіп жатыр.
Fox News АҚШ әскери дереккөзіне сілтеме жасап, «Израильдің Иран аумағына соққысы «шектелген» болды», деп хабарлады.
Ирандық шенеунік Иранға жасалған шабуылда зымыран қолданылмағанын, жарылыс дыбыстарының әуе қорғанысының нәтижесі екенін айтты.
Еске салайық, Батыс Азиядағы жағдай 1 сәуірде Тель-Авив Сирияның Дамаск қаласындағы Тегеранның дипломатиялық кеңсесіне шабуыл жасағанда ушыға түсті.
Иран бұған жауап ретінде 13 сәуір күні кешке Израильге қарай бірнеше ондаған ұшқышсыз ұшақ пен баллистикалық зымыран ұшырды.
Еврей мемлекеттік қорғаныс армиясы кейінірек Тегеран 300-ге жуық оқ-дәрі мен ұшқышсыз ұшақ, соның ішінде 170 ұшқышсыз ұшақ пен 150-ден астам әртүрлі зымыран атқылағанын хабарлады.
Иран Сыртқы істер министрлігі Теһранның шабуыл кезінде БҰҰ Жарғысының 51-бабын басшылыққа алғанын, онда өзін-өзі қорғауға ажырамас құқық берілгенін мәлімдеді.
Ресей кеше Израильге халықаралық санкция салуға шақырды. Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя ұйымның Қауіпсіздік кеңесінің отырысында бұл оқиғаны халықаралық ұйымның әрекетсіздігіне жауап деп мәлімдеді. Дипломат сонымен қатар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Иранның соққысына қатысты отырысын «екіжүзділік шеруі» деп атады















