М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика ғылыми-зерттеу институты мен Иранның Ғылым және технология университеті роботтық жүйелерді басқарудың заманауи алгоритмдерін бірлесіп әзірлемек.
Еуразия Тудейдің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика ғылыми-зерттеу институты зертханасының жетекші инженері Антон Рогачев жас ғалымдардың IV Конгресі аясында мәлімдеді.
Антон Рогачев: “Мәскеу мемлекеттік университеті басқарудың әртүрлі тәсілдерін тестілеуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін кең ауқымды роботтық жүйелерді әзірлейді. Ирандық әріптестер университеттер арасында жасалған ынтымақтастық туралы келісім аясында роботтық жүйелерді басқаруды оңтайландыруға арналған платформаларымызда жасанды интеллект алгоритмдерін сынақтан өткізуді жоспарлап отыр”,- деді.
Рогачевтің айтуынша, ирандық ғалымдар теңдестіруші екі доңғалақты робот пен жүретін “Морс” роботы үшін жасанды интеллектіні басқарудың жаңа алгоритмдерін ресейлік университеттің платформаларында сынамақ. Болашақта осы жүйелер негізінде робот-бақылаушыларын, робот-даяшыларды немесе шахталарды, құрылыс алаңдарын және электр станцияларын бақылайтын роботтарды жасауға болады.
Инженер: “Біз Иранның Ғылым және технология университетіндегі әріптестерімізбен байланыс орната бастадық. Біз бірлескен жұмыстың әрбір кезеңінде деректермен алмасып отырамыз», — деді.














