Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы метапневмовирусқа қатысты түсініктеме беріп, оның жаңа вирус емес, суық маусымда кездесетін қарапайым вирус екенін баса айтты.
Еуразия Тудейдің Gazeta.uz агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Маргарет Харрис бұл вирустың жаңа вирус емес екенін, ол алғаш рет 2001 жылы табылғанын айтып, оны адамға суық тиген кезде тыныс алу жолдарына қолайсыздық тудыратын белгілері бар қыс пен көктемде жиі кездесетін маусымдық және кең таралған вирус деп атады.
Асқынған жағдайларда бұл бронхит немесе пневмония сияқты ауыр науқастыққа шалдықтыруы мүмкін.
Тәуекел тобына жас және егде жастағы адамдар, сондай-ақ иммундық жүйесі әлсіреген адамдар жатады.
Бұл вирусқа шалдықпау үшін алдын алу шараларына қолды жиі жуу және бөлмелерді желдету жатады.
Айта кетейік, 2024 жылдың желтоқсан айының соңғы аптасында Қытайда адам метапневмовирусының өршуі тіркелді.
Қытайдың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) 2 қаңтардағы баяндамасында елде тыныс алу жолдарының жиі кездесетін инфекцияларының маусымдық өсуі байқалғанын айтты.














