Отандық көп мақсатты сауытты амфибиялық жауынгерлік дөңгелекті «Terrex – Barys A 8×8» машинасының ресми тұсаукесері өтті.
Еуразия Тудейдің ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша іс-шараға Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысты.
Қорғаныс министрі көп ұзамай жаңа жауынгерлік машина жылдың төрт мезгілінде және әртүрлі климаттық жағдайларда өтетін әскери сынақтарға қабылданатынын айтты.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Kazakhstan Paramount Engineering (KPE) және Сингапурдың ST Engineering компаниясы Қазақстанда 8×8 дөңгелекті формуласы бар жаңа көп мақсатты амфибиялық сауытты автокөлік өндіру үшін өндірістік қуат құру туралы стратегиялық келісім жасасқан болатын.
Бұл шарт ST Engineering компаниясының ашық су жағдайында тиімді жұмыс істей алатын далалық сыналған Terrex жаяу әскер жауынгерлік машинасының негізінде автокөлікті жобалау мен өндіруге инженерлік және техникалық қолдау көрсетуді қамтиды.
Тұсаукесер барысында жаңа авткөлік өндірісінің Қазақстандағы KPE зауытында 2025 жылдан бастап жолға қойылатыны белгілі болды.
Іс-шараға сонымен қатар Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Рақымжан Исақұлов, ҚР Қорғаныс-өнеркәсіптік кешені кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы Айбек Барыс, ҚР ҚӨК кәсіпорындары қауымдастығы төрағасының орынбасары Қайрат Бектүргенев, ST Engineering Land Systems халықаралық қорғаныс бизнесінің басшысы Тан Пек Тонг және тағы басқалар қатысты.














