Израильдің Газа секторына гуманитарлық көмектің енуіне толық тосқауыл қойғанына 50 күн болды.
Еуразия Тудейдің БҰҰ-ның сайтына сілтеме жасап хабарлауы бойынша бұл туралы БҰҰ-ның өкілі Стефан Дюжаррик Нью-Йоркте өткен брифингте мәлімдеді.
Дюжаррик Гуманитарлық істерді үйлестіру кеңсесіне (OCHA) сілтеме жасап, наурыз айының басынан бері азық-түлік, жанармай, дәрі-дәрмек немесе басқа да қажетті заттарды тасымалдайтын бірде-бір жүк көлігінің Газаға енуіне рұқсат етілмегенін айтып: «Соңғы 50 күнде азық-түлік қоры қауіпті төмен деңгейге жетті. Рациондар қысқартылды. Маңызды дәрі-дәрмек, вакциналар мен медициналық құралдар таусылып жатыр. Гуманитарлық істерді үйлестіру кеңсесі гуманитарлық көмекті тоқтатудың салдары ауыр екенін ескертеді. Балалар мен ересектер аштыққа ұшырады», — деді.
Жанармай тапшылығына байланысты жедел жәрдем көліктерінің жұмысы шектелген. Базарлардан асхана газы жоғалып кетті. Көптеген наубайханалар жабылуға мәжбүр болды. Қоныс аударылғандар үшін шатыр жоқ. Гуманитарлық ұйымдардың қызметкерлері де эвакуация туралы бұйрыққа байланысты кейбір қоймаларға кіре алмайды.
Дюжарриктің айтуынша, жүздеген мың адам үйлерінен кетуге мәжбүр болды.
Бейбіт тұрғындарға, соның ішінде төтенше жағдайлар қызметі мен гуманитарлық қызметкерлерге жасалған шабуылдар қайтадан артты.
Ол Газада көптеген бейбіт тұрғынның, соның ішінде гуманитарлық қызметкерлердің қаза тапқанын айтып: «Біз бейбіт тұрғындарды қорғауға, қатыгездіктерді тоқтатуға, Газада әлі де ХАМАС ұстап отырған кепілге алынғандарды босатуға, Газаны ашуға және атысты тоқтату бітімін қалпына келтіруге тағы да шақырамыз», — деді.












