Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Дүниежүзілік жылқы күнін жыл сайын 11 шілдеде тойланатын етіп белгілеу туралы қарар қабылдады.
Еуразия Тудейдің БҰҰ сайтындағы мәліметке сілтеме жасап хабарлауы бойынша Моңғолия мен басқа да бірқатар ел, соның ішінде Қырғызстан бірлесіп ұйымдастырған резолюцияны 169 делегация қолдады. Тек АҚШ қана қарсы дауыс берді.
Қазіргі уақытта әлемде 57 миллионнан астам жылқы бар. Қаулы авторлары көптеген елде жылқы шаруашылығының әлеуметтік-экономикалық даму мен адам әл-ауқаты үшін үлкен маңызы бар екенін атап көрсеткен.
Атқа міну, көлік, жарыс, ат спорты және туризм сияқты іс-шаралар ауыл тұрғындары мен жергілікті қауымдастықтардың экономикалық мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етеді. Олар жұмыс орындарын құруға, азық-түлік өнімдерін өндіруге және басқа да экономикалық қызметке үлес қосады.
Бас Ассамблея өмір салтының өзгеруіне, экономиканың ауытқуларына, климаттың өзгеруіне, экологиялық және басқа да факторларға байланысты салаға қысым көрсету салдарынан дүние жүзінде жылқы саны мен жылқы шаруашылығының көлемі азайып бара жатқанымен келісті.
Қарарды қолдайтын делегациялар Дүниежүзілік жылқы күнін жариялау халықаралық қоғамдастыққа ауыл шаруашылығының тұрақты дамуындағы ат шаруашылығының маңызды рөлі туралы хабардар болу үшін жаһандық платформа береді деп санайды.















