Ауғанстанның Кунар провинциясында болған жер сілкінісі салдарынан 500-ге жуық адам қаза тауып, кемінде 1000 адам жараланды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Ауғанстанда 31 тамыз күні түнде болған 6,2 балдық жер сілкінісі салдарынан кем дегенде 500 адам қаза тауып, 1000 адам жараланды. Үйінділердің астында көп адам қалғандықтан қаза тапқандар саны артуы мүмкін.
Ауғанстан Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Шарафат Заман: «Жер сілкінісі шалғай таулы аймақта болғандықтан, адам шығыны мен инфрақұрылымға келген зиян туралы нақты ақпарат алу үшін уақыт қажет», — деді. Осы елдің Денсаулық сақтау министрлігі құтқару операциясын бастап, жүзге жуық адамды жұмылдырды.
Tolo news порталы провинцияның төтенше жағдайларға дайындық департаментінің өкіліне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Нұргал, Цавкай, Ватапур, Манугай және Чапа-Дара жер сілкінісінен ең көп зардап шеккен округтер саналады. Жергілікті билік мұны осы елде болған ең күшті жер сілкіністерінің бірі екенін айтуда.
АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Жалалабадтан солтүстік-шығысқа қарай 27 шақырым жерде, 8 шақырым тереңдікте, Пәкістанмен шекараға жақын жерде болды.












