Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Файсал бен Фархан Вашингтон мен Тегеран арасындағы қазіргі келіссөздерді қолдайтынын баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Файсал бен Фархан жұма күні Иран мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ядролық мәселе бойынша жүріп жатқан келіссөздер екі ел арасындағы дағдарысты арттырушы факторларды айтарлықтай азайтқанын мәлімдеді.
Бұл сөздер Словенияда өткен Араб-ислам байланыс тобының министрлер комитетінің отырысынан кейінгі бірлескен баспасөз мәслихатында айтылды. Кездесуге Бен Фарханмен бірге Мысыр, Иордания, Бахрейн және Словенияның Сыртқы істер министрлері қатысты.
Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Эр-Риядтың Вашингтон мен Тегеран арасындағы қазіргі келіссөздерді қолдайтынын баса айтып, Оман астанасы Маскатта басталған бұл диалогты шиеленісті тежеудегі маңызды қадам деп атады. Оның айтуынша, Сауд Арабиясы бұл үдеріс дағдарыстың тұрақты шешілуіне және аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың нығаюына ықпал етеді деп үміттенеді.
АҚШ делегациясы: Дипломаттардан бастап әскери қолбасшыларға дейін
Жұма күнгі келіссөздерде қос тарап қабылдаушы елдің қатысуымен өз ұстанымдары мен ескертулерін ортаға салды. Кейінірек Иран делегациясы жоспар бойынша АҚШ тарапымен тікелей келіссөздерге аттанды.
Associated Press агенттігі АҚШ келіссөзшілерінің Маскат халықаралық әуежайының маңындағы сарайға келгенін хабарлады. Делегация құрамында Дональд Трамптың күйеу баласы әрі кеңесшісі Джаред Кушнер мен Стив Уиткофф бар. Кушнер соңғы кездері Таяу Шығыстағы саяси бастамаларда белсенділік танытып жүр.
Wall Street Journal басылымының жазуынша, делегация құрамында АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) қолбасшысы, адмирал Брэд Купер де бар. Дипломатиялық келіссөздерге жоғары лауазымды әскери қызметкердің қатысуы сирек кездесетін құбылыс болғанымен, бұл Трамптың бұрынғы жұмыс стиліне сәйкес келеді.
Тегеранның «қызыл сызықтары»: Тек ядролық мәселе
Иран билігіне жақын ақпарат құралдары келіссөздер тек ядролық бағдарламаға бағытталуы тиіс екенін алға тартуда. Mehr агенттігі баллистикалық зымырандар немесе Иранның аймақтағы ықпалы сияқты тақырыптарды қозғау дипломатиялық үдерісті арнасынан шығарып жіберетінін ескертті. Сондай-ақ, Тегеран уран қорларын беру немесе ядролық бағдарламаны толық жабу мәселелерін талқылаудан бас тартты.
Аймақтық ұсыныстар және Вашингтондағы қайшылықтар
Дипломатиялық ортада уран байытуды уақытша тоқтату және уран қорын басқа жаққа тасымалдау жоспарлары айтылуда. Ресей бұл қорларды қабылдауға дайын екенін мәлімдегенімен, Иран бұл ұсынысты қабылдамады.
АҚШ-тың өз ішінде де бірыңғай пікір жоқ. Кейбір жауапты тұлғалар келіссөздер аясын зымырандық және аймақтық мәселелерге дейін кеңейтуді талап етсе, кейбір дереккөздері Вашингтонның уақытша тек ядролық мәселеге назар аударып отырғанын айтады.
Масқат: Бетбұрыс па, әлде кезекті аялдама ма?
Масқаттағы келіссөздердің шиеленісті шынымен азайтатыны немесе тек уақытша үзіліс болатыны әзірге белгісіз. Анығы — бұл диалог сенім кеңістігінде емес, әскери қауіп-қатерлер, соғыс кемелері және ушыққан аймақтық жағдай аясында өтіп жатыр. Дипломатия басталды, бірақ оның тағдыры екі тараптың күш тепе-теңдігі мен саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты.














