Иран Президенті Масуд Пезешкиан атысты тоқтату режимінің бұзылуын айыптап, кез келген шабуылға қатаң жауап берілетінін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Президенті Масуд Пезешкиан Иран мен Америка Құрама Штаттары арасында қол жеткізілген атысты тоқтату режимінің бұзылуын айыптап, Ислам Республикасы кез келген басқыншылыққа лайықты әрі қатаң жауап беретініне уәде берді.
Масуд Пезешкиан бұл туралы Пәкістан Премьер-министрі Шаһбаз Шарифпен кеше, сәрсенбі күні телефон арқылы сұхбатта мәлімдеді.
Пезешкиан Лаван мен Сири аралдарына жасалған шабуылдарды айыптап: «Иран Ислам Республикасы кез келген басқыншылыққа батыл жауап қайтарады»,- деді.
Бұл шабуылдар Иран және Америка Құрама Штаттары мен Израиль арасындағы 40 күндік шайқастан кейін, кеше, сәрсенбі күні таңертең Пәкістанның делдалдығымен жарияланған бітімге қарамастан орын алды.
Вашингтон кеше, 8 сәуір күні Тегераннан 10 тармақтан тұратын ұсыныс алғаннан кейін, екі аптаға атысты тоқтату туралы уақытша бітімге келісті.
Иран Президенті Пезешкиан Израильдің Ливанға жасаған шабуылдарынан кейін Тегеранның соғысты біржола тоқтатуға негіз болатын 10 тармақты ұсынысы Ливан аумағында да атысты тоқтату режимін орнатуды қамтитынын баса айтты.
Сонымен қатар, Масуд Пезешкиан Пәкістанның соғысты тоқтату жолындағы күш-жігерін жоғары бағалап, Тегеранның Америка Құрама Штаттарының өз міндеттемелері мен халықаралық құқықты бірнеше мәрте бұзғанына қарамастан атысты тоқтатуға келісуі Иранның жауапты әрі беделді ұстанымын көрсететінін атап айтты.
Президент аймақ елдері мен бүкіл әлемді осы мүмкіндікті пайдалана отырып, басқыншыларға қысым көрсетуге және стратегиялық қателіктің қайталануына жол бермеуге шақырды.
Пезешкиан Тегеранның алдағы қадамдары агрессорлардың келіссөз принциптеріне қаншалықты адал екендігіне және өз міндеттемелерін орындауына тікелей байланысты екенін баса айтты.
Сондай-ақ, Президент Пезешкиан стратегиялық маңызы бар Ормұз бұғазының қауіпсіздігі Америка Құрама Штаттары мен Израиль басқыншылығының толық тоқтатылуына байланысты екенін қайталады.
Шаһбаз Шариф Ислам Республикасына Пәкістанның атысты тоқтату туралы ұсынысын қабылдағаны үшін алғыс айтты. Ол барлық тарап атысты тоқтату режимін сақтауы тиіс екенін атап айтып, Израиль режимін Ливанға қарсы шабуылдарды дереу тоқтатуға шақырды. Шариф Исламабадтың Парсы шығанағы мен Батыс Азиядағы бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін аймақтың барлық елімен өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін растады.














