Дональд Трамптың басты мақсаты Біріккен Араб Әмірліктері мен өзге де елдерді Ормұз бұғазы мәселесіне араластыру болып табылады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, мұндай пікірді Иранның Әзірбайжандағы бұрынғы елшісі әрі сыртқы саясат жөніндегі аға сарапшы Моһсен Пакаин мәлімдеді.
Моһсен Пакаин Ормұз бұғазындағы жағдайды ушықтыру мәселесіне назар аударып, Дональд Трамптың мақсатына осы жолмен қол жеткізбек екенін баса айтты. Сарапшының айтуынша, бұл радикализм сақталғанша, соғыс қатері айқын сезіле береді.
Иранның Қарулы күштері Трамп әкімшілігінің Ормұз бұғазын азат етудегі жоспарын іске асыру туралы қоқан-лоққысына байланысты бұғаздағы бақылау деңгейін арттырды. Сонымен қатар, Хатам әл-Анбия штабы аймақтағы кез келген басқыншылыққа қатысты ресми ескерту жасады.
Ормұз бұғазы мәселесі Иран мен Америка Құрама Штаттары арасындағы уақытша бітімнің алғашқы күндерінен бастап тараптар арасындағы түйіткілді мәселелердің біріне айналды. Қабылданған қарымта шаралар Парсы шығанағы суларындағы тығырықты әлі шеше алған жоқ. Осындай жағдайда Біріккен Араб Әмірліктерін қоса алғанда, аймақтағы кейбір ойыншылар өз реакцияларымен ахуалды одан сайын күрделендіре түсті.
Сарапшы Моһсен Пакаин бұл мәселеге талдау жасап: «Ормұз бұғазында болып жатқан оқиғаларды талдау үшін бірнеше маңызды жайтқа назар аударуымыз керек. Біріншіден, Трамп алдыңғы жылдармен салыстырғанда түрлі топтар тарапынан әлдеқайда күшті ішкі қысымға ұшырап отыр. Әсіресе, АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың сөзінен кейін жағдай ушықты. Обама кезінде Нетаньяхудың Иранға шабуыл жасау мәселесін көтергенін, бірақ оны орындамағанын ашық айтты. Тіпті ол кезінде Трампқа берілген құжаттарға ұқсас мәліметтердің де өзіне ұсынылғанын мәлімдеді.
Енді Демократиялық партия республикашылдарға саяси қысым жасау мүмкіндігін иеленіп, Трамптың шешімдері Израиль мен АҚШ-тың мүдделеріне нұқсан келтірді деген айып тағуда.
Бұрынғы президенттің мәлімдемелеріне қарамастан, Конгресс пен сенаторлар тарапынан Трампқа көрсетілетін қысым күн санап артып, оның шешімдерін қолдайтын өкілдер саны азаюда. Ұлттық деңгейде Трамптың танымалдығы президенттігінің алғашқы күндерімен салыстырғанда айтарлықтай төмендеді. Мұндай жағдайда Трамп табысқа жету жолдарын іздеуде. Сондықтан ол соғысты немесе оның жалғасуын өз беделіне нұқсан келтіретін фактор немесе жетістік ретінде қарастыруға мәжбүр»,-деді.
Сарапшы Трамптың мақсаты Біріккен араб Әмірліктерін қақтығысқа тарту екеніне тоқталып: «Жаңа соғыстың Трамп үшін тигізер зардаптарын ескерсек, қазіргі уақытта оның күн тәртібінде шабуыл жасаудың жаңа жоспары жоқ сияқты. Әсіресе, ол Иранның қарымта шара қолданатынын жақсы біледі. Дәл сол себепті Трамп қазір Иранды теңіз арқылы толық оқшаулауға баса назар аударуда.
Трамп Ормұз бұғазын осы бағыт арқылы ашуды көздеп отыр. Оның мақсаты – Парсы шығанағы мен Оман теңізіндегі шиеленісті арттырып, жағдайды радикализациялау арқылы өзге елдерді өзіне қосылуға және «Ормұз бұғазын азат ету» деп аталатын жобасын қолдауға көндіру»,-деді.
Пакаинның айтуы бойынша, Трамп бұл жобаға Оңтүстік Кореяны шақырды.
Сондай-ақ сарапшы: «Біріккен Араб Әмірліктерін Оман теңізіндегі тар жолақ пен Фуджейра порты арқылы Ормұз бұғазынан өтуге итермелеп, алдауға тырысты. Бұл Иранның қатаң реакциясын тудырып, БАӘ-ні шегінуге мәжбүр етті.
Біріккен Араб Әмірліктеріне үлкен қатер төніп тұр. Егер Әмірліктер Американың мақсаттарына сәйкес Иранға қарсы әрекет жасағысы келсе, олар жау ретінде танылады. Трамптың мақсаты – БАӘ-ні осы мәселеге араластырып, оны радикализацияның бір ошағына айналдыру. БАӘ Трамптың бұл айласын түсінуі тиіс. Трамп дағдарыс кезінде Парсы шығанағы елдерін тастап кететінін және оларды қолдамайтынын әрдайым көрсетіп келеді. Сондықтан БАӘ Трамп Иранға қарсы тұрады деп үміттенбеуі керек.
Сыртқы саясат жөніндегі жетекші сарапшы Трамптың Парсы шығанағы мен Ормұз бұғазындағы қазіргі жобасына қатысты: «Трамп толығымен «Ормұз бұғазын радикализациялауға көшті. Оның мақсаты – соғыс пен келіссөз арқылы қол жеткізе алмаған нәтижелеріне теңіз блокадасы арқылы жету. Иран билігінің әскери және саяси саладағы табандылығы толық негізді. Біз оны көрсетуіміз керек. Біз алдыңғы шепте нық тұрып, Ормұз бұғазы сияқты маңызды тетікті уысымыздан шығармауымыз қажет», – деді.
Сарапшы сөзін қорытындылап: «Трамп АҚШ президенті болып тұрғанда көптеген мүмкіндік, соның ішінде соғыс қаупі де сақталады. Трамп пен Нетаньяху ең радикалды саяси тұлғалар саналады. Әрине, бұл радикализм түбінде өздеріне зиян тигізеді. Осы радикализм жойылмайынша, соғыс көлеңкесі сейілмейді. Сондықтан біз әрдайым тиісті деңгейде дайын болуымыз керек», – деді.














