Иранның Австриядағы елшілігі Иранның бейбіт ядролық энергияны пайдалану құқығынан бас тартпайтынын мәлімдеді.
Еуразия Тудей ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иран Ислам Республикасының Австриядағы елшілігі Батыстың АҚХА Басқарма кеңесіндегі Иранға қарсы саяси шоуына жауап ретінде X әлеуметтік желісінде жазба жариялады: «АҚШ пен Израиль режимдері басқыншы әрі заңсыз соғыста АҚХА-нің қадағалауындағы Иранның бейбіт ядролық нысандарына шабуыл жасап, шындықты тексеру шараларын бұзып жатыр. Содан кейін осы бұзушылықты АҚХА Басқарма кеңесінің Иранға қарсы қарар қабылдауға сылтау етіп пайдаланады».
Иран елшілігі халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарын әшкере бұзғандар мен олардың қолдаушыларының ешқандай құқығы жоқ екенін атап айтып: «Бұл күлкілі саяси шоу Қауіпсіздік Кеңесінде де ешқандай нәтижеге жетпейді. Иран бейбіт ядролық бағдарламаға ие болатын өзінің заңды құқығынан бас тартпайды», – деді.
Айта кетейік, кеше қыркүйектің 9 күні АҚХА Басқарма кеңесі Иранды ядролық қаруды таратпау міндеттемелерін бұзғаны үшін қатаң сынға алған қарар қабылдап, ирандық досьені БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына жіберді.
Қарар 35 дауыстың 23 оң дауысымен қабылданды. 3 ел, соның ішінде Ресей мен Қытай қарсы шықты, тағы 8 ел қалыс қалды. Мәтінді Ұлыбритания, Германия, Франция және АҚШ ұсынды.
Мәтінді ұсынушылар “Тегеран агенттік инспекторларын өзінің ядролық нысандарына кіргізбей отыр және зиян келген инфрақұрылымның күйі мен ядролық материалдардың түгенделуі туралы ақпарат бермейді” деп шағымданды.
Тегеран АҚШ-пен саяси келісімге қол жеткізілгенге дейін агенттікпен ынтымақтастықты тоқтата тұрды. Иран билігі инспекторларды кіргізуді тек АҚШ пен Израиль ирандық ядролық нысандарға жасалатын шабуылдарды тоқтатқаннан кейін ғана қайта бастайтынын мәлімдеді.














