Ирак билігі АҚШ әскерін шығару және мемлекеттік емес қарулы топтарды қарусыздандыру мерзімін 30 қыркүйекке белгіледі.
Еуразия Тудейдің vijesti.me порталына сілтеме жасап хабарлауы бойынша хабарлауы бойынша, Иракта америкалық әскерлерді шығару үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Ресми өкілдердің мәлімдеуінше, Ирактың солтүстігінде қалған жүздеген әскери қызметші 30 қыркүйекке дейін елден шығарылады.
Ирак Үкіметі бұл үдерісті қарулы топтарға қаруын тапсыру туралы ультиматуммен байланыстырғанымен, топтардың басым бөлігі бұдан бас тартатынын мәлімдеді.
АҚШ пен Израиль Иранға қарсы шабуыл жасаған 28 ақпаннан бері Иранды қолдайтын Ирактың қарулы топтары АҚШ-пен байланысты нысандарға шабуыл жасап келеді. Олар Йемендегі хуситтермен бірге Сауд Арабиясына жасалған шабуылдарға да қатысты. Екі ел арасындағы қақтығыс жалғасып жатқандықтан, Тегеранның көршілес Ирактағы ықпалынан бас тартуы екіталай. АҚШ бұл топтардың шабуылдарын әлі де жалғастыруы мүмкін деп алаңдайды. Алайда бұл жағдай әскер шығаруды кейінге қалдырмайды.
АҚШ әскері Иракқа 2003 жылы Саддам Хусейнді биліктен құлату үшін басып кіріп, 2011 жылы шығарылған болатын. Алайда арада үш жыл өткен соң Ирак билігі «Ислам мемлекеті» ұйымымен күресу үшін АҚШ бастаған шағын миссияны қайта шақырды.
Халықаралық коалиция мен жергілікті күштердің әрекеті нәтижесінде экстремистік ұйым тек жасырын ұяшықтарға дейін әлсіреді. 2024 жылы Вашингтон мен Бағдат бұл миссияны кезең-кезеңімен тоқтатуға келісті.
Былтыр америкалық әскерлердің негізгі бөлігі Ирак базаларынан шығарылғанымен, солтүстіктегі күрд аймағындағы әскери қатысу сақталып қалған еді. Алайда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғаннан бері бұл базалар үнемі шабуылға ұшырап келеді.
Аты-жөнін атамауды сұраған АҚШ әскери өкілінің айтуынша, солтүстікте қалған жүздеген әскери қызметші негізінен Иордания мен аймақтағы басқа елдерге көшіріледі. Сондай-ақ әскери техника, соның ішінде әуе шабуылдарына қарсы қорғаныс жүйелері де шығарылмақ. Бұдан кейін Бағдатпен қауіпсіздік саласында екіжақты ынтымақтастық орнатылуы мүмкін.
Эрбилдегі лаңкестікке қарсы база «Ислам мемлекеті» ұйымынан төнетін қауіптің азаюына байланысты бұрынғы маңызын жоғалтты. Сонымен қатар Иранмен соғыс кезінде Ирактың солтүстігі шабуыл алаңы ретінде пайдаланылмағанымен, америкалық әскерлер үнемі нысанаға айналды. Сондықтан бұл шешім тәуекелдерді азайтуға бағытталған.












