Иран Еуразиялық экономикалық одақты өңірлік әріптестікті дамытудағы маңызды платформалардың бірі ретінде қарастырады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Тегеран бұл ұйымның сауда және инвестициялық әлеуетін одан әрі толыққанды пайдалануға мүдделі. Бұл туралы Иранның бірінші вице-президенті Мохаммад Реза Ареф мәлімдеді.
Арефтің айтуынша, ЕАЭО ұйымға мүше және серіктес елдердің экономикалық әлеуетін ашуға үлкен мүмкіндік береді.
Иран Президентінің бірінші орынбасары: «Иран ЕАЭО-ны өңірлік ынтымақтастықты дамытудағы маңызды платформалардың бірі ретінде қарастырады. Біздің міндетіміз — қолда бар әлеуетті нақты саудаға, инвестицияға және бірлескен дамуға айналдыру», — деді.
Мохаммад Реза Арефтің сөзінше, 2025 жылғы мамырда Тегеран мен ЕАЭО арасында жасалған еркін сауда туралы келісім экономикалық байланыстарды дамытуға жаңа жол ашты. Ареф Иранның ЕАЭО елдерімен белсенді әрі ұзақ мерзімді әріптестікті жалғастыруға дайын екенін атап айтты.
Сонымен қатар, Тегеран энергетика және логистика салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға басымдық береді. Арефтің айтуынша, Иран Азия мен Еуропа арасындағы сауда жолдарында негізгі транзиттік буын бола алады. Өйткені елдің қолайлы географиялық орналасуы өңірлік көлік-логистикалық байланыстарды кеңейтуге зор мүмкіндік береді.














