Араб лигасының бас хатшысы Ахмед Әбу Ғейт ұйым мүшелері палестиналықтардың күштеп қоныс аударуын қабылдамай, Газа секторын қайта құруды қолдайтынын айтты.
Еуразия Тудейдің Анадолу агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Әбу Ғейт Мысыр астанасы Каирде Араб Лигасы саммитінен кейін баспасөз мәслихатында сөз сөйледі.
Бас хатшы бұл саммит араб елдерінің палестиналықтардың қоныс аударуын қабылдамайтынын қуаттау үшін өткенін айтты.
Ол атысты тоқтатудың күрделі сын-қатерлермен бетпе бет келіп отырғанын еске салып, бітімгершілікті аяқтау басымдық екенін айтты. Оның айтуынша, Газа секторын кезең-кезеңімен қалпына келтіру бойынша арабтардың жоспары қабылданған. Бас хатшы бұл жоспардың Газада жаңа қауіпсіздік пен саяси үдеріске жол ашатынын айтты.
Ол: «Бейбітшілік – араб елдерінің екі мемлекетті шешімге негізделген стратегиялық таңдауы. Араб жоспары Батыс жағалау мен Газа секторы арасындағы байланысты қамтамасыз етеді.
Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін Батыс жағалау мен Газа секторына халықаралық бітімгершілік күштерін орналастыруға шақырамыз. Бұл жоспарды халықаралық қоғамдастыққа түсіндіру үшін Араб Ислам комитеті аясында келісілген», — деді.
Бас хатшы Палестина халқының қоныс аударуына шынайы балама табу керек екенін де баса айтты.
Араб лигасының бас хатшысы саммитке қатысқан араб басшыларының мәлімдемелеріне сілтеме жасап: «Араб лигасы палестиналықтардың күштеп қоныс аударуын қабылдамайды және Газа секторын қалпына келтіруді қолдайды», — деді.
Әбу Ғейт АҚШ президенті Дональд Трамптың газалықтарды көшіру жоспары туралы сұраққа былай деп жауап берді: «Трамп бұл идеяны ұсынғанымен, мүдделі тараптар оны қабылдамады. Араб елдері өз жоспарын ұсынды», — деді.














