Қазақстанда 2024 жылы Орталық Азия елдерінің қатысуымен ауқымды оқу-жаттығулар өтеді.
Бұл туралы kz.eurasiatoday.ru сайты Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
ҚР Қорғаныс ведомствосында 2024 жылғы 15 қаңтарда Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың басшылығымен 2024 оқу жылында ҚР Қарулы күштерін даярлау мен дамытудың негізгі шаралары бойынша кеңейтілген кеңес өтті.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов биыл ел аумағында бес мемлекеттің қатысуымен ауқымды оқу-жаттығулар өтетінін хабарлап: «Ол жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек. Жауапкершілік аймағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін орындау мақсатында бауырлас халықтар мен қарулы күштер арасындағы достық қарым-қатынасты сақтау біз үшін өте маңызды», – деді.
Бас штаб бастығы 2024 жылға 160-тан аса жедел және 70 мыңнан астам жауынгерлік даярлық жөніндегі іс-шаралар жоспарланғанын да айтты.
Жақсылықов олардың ішіндегі ең маңыздысы Әскери-теңіз күштерінің, Әскери-әуе күштерінің, «Батыс» өңірлік қолбасшылығындағы арнайы операциялар күштерінің, одан өзге Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан әскери контингенттерінің қатысуымен өтетін «Бірлестік» оқу-жаттығуы екенін атап өтті.















