Тараз қаласында Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің Басшысы Ақылбек Жапаровтың қатысуымен қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 11-ші отырысы өтті.
Шағын және кеңейтілген құрамда өткен келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
Екі елдің орталық мемлекеттік органдарының басшылары қатысқан Үкіметаралық кеңестің негізгі тақырыптары сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, суды пайдалану және энергетика саласындағы өзара іс-қимыл, өнеркәсіп пен АӨК-те кооперациялық жобаларды іске асыру, республикалардың транзиттік-көлік әлеуетін дамыту, туризм және мәдениет салаларындағы бірлескен бастамалар болды.
Әлихан Смайылов екі елдің Мемлекет басшыларының күш-жігерінің арқасында соңғы жылдары қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі жаңа серпінге ие болғанын атап өтті.
Қазақстан мен Қырғызстан Үкіметтерінің басшылары екі елдің мүдделерін ескере отырып, өзара құрмет пен тату көршілікке негізделген су саласындағы тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.
«Біздің халықтарымыздың өміріне тікелей әсер ететін экология және суды ұтымды пайдалану саласында ынтымақтастықты дамыту аса маңызды болып табылады. Су ресурстарын әділ және ашық басқаруды қамтамасыз ету мақсатында бізге мемлекетаралық су шаруашылығы каналдарын цифрландыру арқылы тиімді мониторинг жүргізу тетігі қажет. Гидрологиялық ақпарат алмасуды, атап айтқанда, су қоймаларына келетін ағын су және бассейн бойынша су алу жөнінде ақпараттармен қамтамасыз ету маңызды», — деді ҚР Премьер-Министрі.
Үкімет басшысының пікірінше, су ресурстарын бірлесіп пайдаланудың құқықтық тетігін жетілдіру өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін болады.
Үкімет басшысы сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстардың да белсенді түрде дамып келе жатқанын айтты.
Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы -Президент Әкімшілігінің Басшысы Ақылбек Жапаров екі мемлекет басшыларының жуырдағы өзара сапарлары барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалғанын еске салды.
«Екі бауырлас халықтың игілігі үшін уағдаластықтарды ілгерілету мақсатында барынша күш салатынымызға сенімдімін», — деді Ақылбек Жапаров.
Келіссөз қорытындысында тараптар ынтымақтастықтың барлық өзара тиімді бағыттары бойынша белсенді іс-қимылды қолдауға дайын екендерін растады.




















