БҰҰ сарапшылары Қазақстанның бітімгерлік контингентінің жеке құрамы мен нұсқаушы құрамының кәсібилігінің жоғары бағалады.
ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, БҰҰ комиссиясы бітімгерлік операцияларға қатысуға жоспарланған қазақстандық әскери қызметшілердің материалдық-техникалық базасының жай-күйін және даярлық деңгейіне жан-жақты тексеру жүргізді.
Бір апта ішінде БҰҰ Бітімгерлік операциялар департаментінің әскери контингенттерді қалыптастыру қызметін жоспарлау офицері Седрик Паскаль бастаған инспекторлар бітімгерлердің техникамен, қару-жарақпен, оқ-дәрілермен, заттай, инженерлік, медициналық мүлікпен және РХБ-қорғаныс құралдарымен жабдықталуын тексерді.
Бітімгерлік дайындық әдістемесі мен жүйесіне, ағылшын тілін меңгеру деңгейіне ерекше назар аударылды.
ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының бастығы полковник Бауыржан Нығметуллин БҰҰ-ның түрлі құрылымдарының сарапшылары онлайн-әңгімелесу барысында әскери қызметшілердің гендерлік теңдік және халықаралық гуманитарлық құқық мәселелері бойынша білімдерін бағалағанын мәлімдеді.
«Бітімгер» оқу орталығының базасында БҰҰ инспекторлары бітімгерлік базасын күзетуді қамтамасыз ету, тосқауыл бекеттерін ұйымдастыру, патрульдеу, жарақат алған кезде алғашқы медициналық көмек көрсету жөніндегі міндеттерді орындау барысындағы бітімгерлердің үйлесімділігін тексерді. Сондай-ақ, жарылғыш құрылғыны анықтау сәттегі әрекет ету алгоритмі пысықталды.
БҰҰ сарапшылары бітімгерлік контингентінің жеке құрамын даярлаудың және бітімгерлік операциялар орталығының нұсқаушы құрамы кәсібилігінің жоғары деңгейін атап өтті.
Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, 2007 жылдан бастап БҰҰ-ның Непал, Батыс Сахара, Кот-д’ Ивуар және Ливандағы миссияларына 500-ден астам қазақстандық әскери қызметші қатысты. Одан бөлек, 1992-2001 жылдар аралығында Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардан 9 000-нан астам әскери қызметші Тәжік-Ауған жеріндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі міндетті орындады. 2003 жылғы тамыздан 2008 жылғы қазанға дейін қазақстандық «Қазбат» бітімгерлік батальоны инженерлік-саперлік жасағының құрамында 300-ден астам әскери қызметші Иракта миссия атқарды.
Қазақстан бейбітшіл ел болғандықтан, бітімгершілік үдеріске қатысу – бұл мемлекеттің сыртқы саяси стратегиясының мәні.



















