БҰҰ Бас Ассамблеясы Израильді 12 ай ішінде оккупацияланған Палестина аймағынан кетуге шақыратын қарар қабылдады.
Еуразия Тудейдің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, сәрсенбі күні БҰҰ Бас Ассамблеясы Израильді 12 ай ішінде оккупацияланған Палестина аймағынан шығып кетуге шақыратын қарарды мақұлдады.
Қарар 1967 жылдан бергі Палестина аймақтарын оккупациялауды «заңсыз» деп тапқан халықаралық сот қорытындысына негізделген.
Израиль бұл қарарға қатысты пікір білдіріп, қарар аймақтағы зорлық-зомбылықты күшейтуі мүмкін деп мәлімдеді. Құжатты 124 ел қолдап дауыс берсе, 14-і қарсы, 43-і қалыс қалған.
АҚШ құжатқа қарсы дауыс беріп, Израильге шабуыл жасаған ХАМАС әрекеттерін айыптамағанына наразылық білдірген. АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Линда Томас-Гринфилд бұл қарар Батыс Азияны бейбітшілікке жетелемейтінін алға тартып, ХАМАС тобының айыпталмағанын сынады.
Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мохаммед бин Салман тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылмайынша, Израильді танымайтынын және онымен дипломатиялық қатынас орнатпайтынын баса айтты.
БҰҰ Бас Aссамблеясы бұған дейін де Израильден 1967 жылдан бергі бақылауға алынған аумақтарды оккупациялауын тоқтатуды талап еткен қарарлар қабылдаған болатын.














