БҰҰ өкілі АҚШ Президенті Дональд Трамптың Газа халқын мәжбүрлеп көшіру туралы ұсынысына пікір білдіріп, аймақтағы этникалық тазартудың алдын алу қажеттігін баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, БҰҰ-ның ресми өкілі Стефан Дюжаррик адамдардың кез келген мәжбүрлі қоныс аударуын этникалық тазарту ретінде қабылданатынын мәлімдеді.
Стефан Дюжаррик сәрсенбі күні “БҰҰ Бас хатшысы Трамптың Газа секторын бақылауға алу жоспарын этникалық тазарту деп санайды ма?” деген сұраққа жауап беріп, адамдардың кез келген мәжбүрлі қоныс аударуын этникалық тазарту деп санауға болатынын айтты.
Сонымен қатар, Дюжаррик бұл жоспарды Трамппен талқылау мүмкіндігіне де тоқталып, қазіргі уақытта бұл мәселе бойынша ешқандай шешім қабылданбағанын айтты.
БҰҰ өкілінің айтуынша, Газа секторының шешімін табу қазіргі мәселелерді ушықтырмауы керек.
Деректер бойынша, жарты миллионға жуық босқын Газа секторының солтүстігіне оралды. БҰҰ олардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға күш салуда.
Стефан Дюжарриктің мәлімдеуінше, Газа секторында мыңдаған адам дұрыс тамақтанбаудан зардап шегуде.
Сондай-ақ, ол аймақтағы палестиналықтарды баспанамен шұғыл қамтамасыз ету қажеттілігін де айтты.
БҰҰ өкілі Газада тұрақты атысты тоқтатуға қол жеткізу және барлық тұтқындарды босату бойынша күш-жігерді жалғастырудың маңыздылығын қуаттады.



















