ЕО авиациялық қауіпсіздік агенттігі Парсы шығанағындағы рейстерді шектеуге шақырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Еуропалық Одақтың авиациялық қауіпсіздік агенттігі әуе компанияларына Парсы шығанағы аймағында ұшу қауіпсіздігіне қатысты маңызды ескерту жолдады.
Атап айтқанда, ведомство (EASA) үстіміздегі жылдың 14 шілдесі, сейсенбі күні АҚШ пен Иран арасындағы қайта ушыққан текетірес салдарынан әуе тасымалдаушыларына Бахрейн, Кувейт, Катар, БАӘ және Оман шығанағының белгілі бір тұстары арқылы өтпеуді қатаң ұсынды.
Ресми мәлімдеммеде: «EASA ЕО-ға мүше елдермен және Еуропалық Комиссиямен бірлесе отырып, әуе операторларын Парсы және Оман шығанақтары үстінен ұшудан бас тартуға үндейтін, қақтығыс аймағындағы жағдай туралы арнайы ақпараттық бюллетень әзірледі», — деп жазылған.
Ұйымның пайымдауынша, қазіргі шиеленіс аталған мемлекеттердің әуе кеңістігімен қатар, шығыс бойлықтың 58 градусынан батысқа қарай орналасқан Оман шығанағының су айдыны үстіндегі транзиттік дәліздерге де елеулі қатер төндіріп тұр.
Мамандардың ескертуінше, зымырандар, ұшқышсыз басқарылатын аппараттар, жойғыш ұшақтар мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері қолданылуы мүмкін болғандықтан, аймақтағы тосыннан туындайтын әскери белсенділік азаматтық авиация үшін төтенше қауіпті. Бұл ретте әскери операциялардың алдын ала ескертусіз басталып кету ықтималдығы жоғары.
Авиациялық қауіпсіздік ведомствосының осы нұсқаулығы ағымдағы жылдың 29 шілдесіне дейін өз күшінде қалатынын, сондай-ақ өңірдегі ахуалды тұрақты түрде жіті бақылауда ұстайтынын қуаттады.














