Иран Мәжілісінің депутаты Хосейн-Әли Хаджи Делигани Біріккен Араб Әмірліктерінен аймақтағы шиеленіс кезінде Иранға келтірілген шығынды өтеуді талап етті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Хосейн-Әли Хаджи Делигани Біріккен Араб Әмірліктерінен Иранға келтірілген шығынды өз аумағының бір бөлігін Тегеранның бақылауына уақытша беру арқылы өтеуге міндеттеу туралы ұсыныс айтты.
Хаджи Делигани: «Біріккен Араб Әмірліктері Иранға келтірілген шығынды өтеуі керек. Тіпті Біріккен Араб Әмірліктері өтемақы ретінде өз аумағының бір бөлігін бірнеше жылға Иранға беруі мүмкін», – деді.
Сондай-ақ, ирандық депутат Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістан қол қойған әскери ынтымақтастық туралы «Мекке келісімін» АҚШ-тың аймақтағы саясатының сәтсіздігі деп бағалады.
Айта кетейік, Иран Ислам Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Амир Саид Иравани наурыз айында Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ Бас хатшысына жолдаған екі бөлек хатында Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерін тату көршілік принциптерін сақтауға және өз аумақтарын Иранға қарсы пайдалануды тоқтатуға шақырған болатын.
Иран мемлекеттердің өз аумағын үшінші тарапқа қарсы басқыншылық немесе қарулы шабуылдар жасау үшін пайдалануға бергені үшін халықаралық жауапкершілігіне тоқтала отырып, бұл заңсыз әрекеттерге қатаң наразылық білдірген еді.
Иран билігі аймақтық қауіпсіздік пен сыртқы факторларға байланысты өз мүддесін қорғау шараларын күшейтіп келеді.














