Иранның заңды құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіретін кез келген құжат оң нәтиже бермейді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы кеше, дүйсенбі күні Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бақайи баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі АҚХА-нің Иранға қатысты мерзімді және жан-жақты есебі бөліктерінің жариялануы туралы сұраққа жауап беріп, бұл есептің еуропалық бірқатар елдің ықпалы және қысымымен жасалғанын баса айтты.
Исмаил Бақайи сөзінде Иранның Батыс елдерінің маңызды халықаралық ұйымның беделі мен мәртебесіне осылай нұқсан келтіріп отырғанына қатты наразы екенін мәлімдеді.
Иран СІМ баспасөз хатшысы: “Агенттік мемлекеттердің бейбіт мақсаттағы ядролық қызметін бақылауға жауапты ұйым ретінде мұндай қысымға ұшырамауы керек еді. Бұл есепті әзірлеу барысында ұйымның Бас директоры да, агенттіктің бүкіл аппараты да қысым көргенін білеміз. Алайда, бұл АҚХА-нің ұйымға мүше мемлекетке қарсы саясиландырылған баяндама жасауын ақтамайды”, -деді.
Бақайи Американың ұсынысына тоқталып, тиісті жауапты дайындау үшін әрбір құжат пен ұсынысты мұқият зерделеу қажеттігін баса айтты. Ол Иран Сыртқы істер министрінің Х әлеуметтік желісіндегі аккаунтында жариялаған хабарламасына сілтеме жасап, қарсы тараптың ұсынысына жауап Иран халқының құқықтары мен ұлттық мүдделерін қорғау қағидаттарына негізделетінін айтты.
















